Жаңалықтар

Қазақтың көрнекті дипломаты Асқар Мусинов өмірден өтті

Қазақтың көрнекті дипломаты Асқар Мусинов өмірден өтті
Фото: Сыртқы істер министрлігі 10.02.2024 21:05 1826

Мемлекет қайраткері, қазақтың көрнекті дипломаты, Төтенше және Өкілетті Елші Асқар Ахметұлы Мусинов өмірінің 63 жасында кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Ұзақ мерзімді дипломатиялық қызмет барысында ол Қазақстан Республикасының СІМ Орталық аппаратында және шет елдердегі мекемелерінде өзі жетекшілік ететін жұмыстың барлық бағыттарында Қазақстанның мүдделерін тамаша қорғап, алға қойылған міндеттерді кәсіби түрде шешуде қабілеті мен терең білімін көрсете білді. СІМ Жауапты хатшысы және Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде ол Таяу Шығыс және Африка құрлығы елдерімен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға, консулдық қызмет пен мемлекеттік протоколды дамытуға зор үлес қосты.

Мысырдағы, Сауд Арабиясындағы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметін атқара жүріп, Қазақстан Республикасының мүдделерін кәсіби түрде ілгерілетіп, қорғады. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысының Ғылым және технология жөніндегі орынбасары және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры ретінде халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне адал қызмет етті.

Дипломатиялық ортада ол өз Отанының нағыз патриоты, жоғары деңгейдегі дипломат және араб бағытындағы қазақ дипломатия мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал болды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшылығы мен ұжымы Асқар Ахметұлының отбасы мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Кәсіпқой ірі азамат, мейірімді де жанашыр дос, парасатты тәлімгер, үлгілі отағасы, аса адал тұлғаның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға