«Қазақтелеком» монополиялық жоғары баға белгілеген деген күдікке ілінді

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы интернет бағасына байланысты «Қазақтелекомға» қарсы тергеу жүргізіліп жатқаны туралы хабарлады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
Талдау аясында байланыс операторларының интернет қызметтеріне бағасының динамикасы да зерттелді. Талдау нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның іс-әрекеттерінде тауарға монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Осыған байланысты агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеру рәсімін бастады, – делінген агенттік мәліметінде.
Сонымен қатар агенттік қызмет көрсету кезінде бөгде байланыс операторларының көппәтерлі тұрғын үйлерге кіруіне, сондай-ақ кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуды қиындататын кедергілерді анықтады.
Егер аталмыш кедергілер шешілсе, тұтынушыларға интернет қызметтерінің баламалы операторын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді және кабельдік кәріз иелерінен өтеусіз негізде техникалық ақпарат ала алады.
Сондай-ақ анықталған кедергілерді жою бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді.
