Жаңалықтар

Қазақтан шыққан тұңғыштар

Қазақтан шыққан тұңғыштар
Фото: коллаж El.kz 16.10.2024 17:55 521

Қазақ халқының тарихы бай және сан қырлы. Ұлт ретінде қалыптасу жолында қазақ қоғамының көптеген өкілдері маңызды жаңалықтар енгізіп, ел дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінгі мақаламызда қазақ халқының тұңғыштары туралы сөз қозғамақпыз.

Қазақтың тұңғыш ханы – Керей хан Болатұлы (1465-1473 ж.)

Керей хан Болатұлы – Қазақ хандығының алғашқы ханы, мемлекетіміздің негізін қалаушылардың бірі. Ол Ақ Орда билеушісі Ұрыс ханның тікелей ұрпағы. Шежіреге сәйкес, Ұрыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, Болаттан Керей хан тараған. Ортағасырлық тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Керей ханның есімі XV ғасырдың 50-жылдарының соңында Қазақ хандығының құрылу оқиғаларына байланысты алғаш рет аталады. Керей хан мен Жәнібек хан сол кезеңдегі Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу мен Қозыбасы өңіріне қоныс аударған. Бұл жерлер Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның ағасы Жүніс ханның иеліктерінің аралығында орналасқан болатын. Керей мен Жәнібек осылайша қазақ руларының бірігуіне және Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.

Бірінші заң шығарушы – Қасым хан Жәнібекұлы (шамамен 1455 – 1521 ж.)

Қасым хан Қазақ хандығында алғашқы заң жүйесін қалыптастырған тұлға ретінде белгілі. Оның шығарған заңы «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталады. Бұл заңдар жиынтығы XVI ғасырда қабылданып, Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясатын, сондай-ақ әлеуметтік және әскери тәртіпті реттеген. «Қасым ханның қасқа жолы» бес бөлімнен тұрып, әдет-ғұрыптық құқықтарға, әскери міндеттерге, елші қатынастарына, қылмыстық және азаматтық істерге байланысты ережелерді қамтыған. Атап айтқанда:

  1. Мүліктік. Оған жер, мал және мүлік туралы дауларды шешу ережелері кірді.
  2. Қылмыстық. Мұнда әртүрлі қылмыстар мен олар үшін жазалар қарастырылды.
  3. Әскери. Онда халықтың соғыс уақытында әскерді  ұстау бойынша міндеттері, бөлімшелерді құру принциптері, әскери олжаны бөлу туралы айтылды.
  4. Елші жоралары. Бұл бөлімде халықаралық құқық, елшілік этикеті мәселелері талқыланды.
  5. Қоғам заңы. Бұл бөлім қауымдық және қауымаралық өзара көмек міндеттемелеріне, сондай-ақ мерекелер мен сарай этикетін құру ережелеріне арналды.

Қасым ханның осы заң жүйесі кейінгі қазақ билеушілері үшін маңызды үлгі болып, қазақ қоғамының тұрақтылығын сақтауға үлкен ықпалын тигізді.

Қазақтан шыққан тұңғыш саяхатшы – Қазыбек бек Тауасарұлы (1692-1776 ж.) 

Қазыбек бек Тауасарұлы – Кіші Азияның ірі қалаларында болып, діни және ғылыми білім алған танымал оқымысты әрі жоңғар басқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Ол Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан шыққан. Әкесі Тауасар би ұлының зеректігін ерте байқап, оның болашағына ерекше мән берген. Сондықтан Қазыбекті небәрі бес жасында Бұхараға апарып, діни білім алуына жағдай жасайды. Қазыбек кішкентайлығына қарамастан, медреседе үздік оқып, төрт жыл ішінде білімін аяқтап, еліне оралады. Елге келген соң, екі жыл бойы ауыл балаларын оқытып, ұстаздық қызмет атқарған.

Ұлы жүздің бірінші ханы – Жолбарыс хан Айтақұлы (1690–1740 ж.)

Жолбарыс Айтақұлы Ұлы жүз ханы, 1730–1740 жылдары билік құрған. Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін қазақ рулары мен Ташкент тұрғындары атынан жоңғар хандығына тәуелділігін мойындап, жоңғар әскербасына алым-салық төлеп отырды.

1733 жылы Жолбарыстың елшілері, Аралбай батыр мен Оразкелді, Кіші жүздегі Ерәлі сұлтанмен бірге Ресейге аттанып, патшайым Анна Иоанновнаға Ұлы жүздің батырларының атынан хат тапсырды.

1738 жылы Жолбарыс Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, Ресей үкіметіне хат жазып, патшайым Анна Иоанновнадан жауап алады. 19 қыркүйекте Анна Иоанновна Жолбарыстың өтінішін қабылдап, оған арнайы грамота жібереді. Алайда жоңғар билеушілерінің қарсылығы мен Ресей мен Ұлы жүз хандығы арасындағы саяси қатынастардың тұрақсыздығы Жолбарыстың саясатын жүзеге асыруына кедергі келтірді.

1739 жылы Жолбарыс Абылай ханмен бірлесе отырып, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес ұйымдастырды, соның нәтижесінде Ташкент пен Сайрам қалалары жоңғар әскерлерінен азат етілді. Ташкент тұрғындарының қолынан қаза тапқан Жолбарыс тарихи тұлға ретінде қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресте маңызды рөл атқарды. Оның орнына Ташкенттің ұлысбегі болып Төле би тағайындалды.

Орта жүздін бірінші ханы – Сәмеке (Шахмұхаммед) хан Тәукеұлы (1660-1734 ж.) 

Сәмеке хан, толық есімі Шахмұхамед Орта жүздің ханы және Тәуке ханның ұлы. Оның ордасы Түркістанда орналасқан. Сәмеке найман, қыпшақтың кейбір руларына және арғындардың бір бөлігіне билік жүргізіп, Орта жүзді біріктіруге күш салды. Сыртқы саясатта жоңғарлар мен Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына қарсы белсенді қарулы күрес жүргізді.

Сыртқы және ішкі қауіптерге төтеп беру үшін Сәмеке Ресеймен қарым-қатынасты нығайтуға тырысты. 1731 жылы 15 желтоқсанда Ресейдің өкілі А.Тевкелевпен келіссөздер өткізіп, Ресейге арқа сүйеуді мақсат етті. Сәмеке Әбілқайыр ханмен одақтасып, қазақ жерін қалмақтардан азат ету үшін Еділ бойындағы Кіші қалмақ ордасына екі рет жорық ұйымдастырды.

1723 жылы желтоқсанда Сәмеке мен Әбілқайырдың 40 мыңдық әскері Аюке ханның иелігіне басып кіріп, олжаларды аштыққа ұшыраған халыққа үлестірді. Екінші жорық 1726 жылдың жазында өтіп, қазақ сұлтандары Барақ пен Есім де қатысқан. Бұл кезде қалмақ ханы Серен Дондук қазақтарға қарсылық көрсете алмай, 4 күндік шайқастан кейін бітім жасауға мәжбүр болды. Бітім бойынша екі жақ жас жігіттер есейгенше соғыспауға келісті.

Сәмеке ханның бұл жорықтары қазақ жерін қалмақтардан азат етуде маңызды рөл атқарды. Оның әскери шеберлігі мен саяси қадамдары қазақ халқының рухын көтеріп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте маңызды тұлға ретінде тарихта қалдырды.

Кіші жүздің бірінші ханы – Әбілқайыр хан Айтақұлы (1718-1748 ж.) 

Әбілқайыр хан Кіші жүздің сұлтаны, 1710 жылдан бастап Кіші жүздің, ал 1719 жылдан кейін қазақтың бас ханы болды.

Ол 1702-1723 жылдары қазақтардың Еділ қалмақтары мен Жайық казактарына шабуылдарын басқарды. 1715 жылы Новошешминск станицасын өртеп, 1717-1720 жылдары қалмақтарға бірнеше шабуыл жасады. 1718-1720 жылдары Жайық қалашығын үш рет қоршауға алды. 1719-1724 жылдары Түркістанда ордасын орналастырып, Ташкентті биледі.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы 1726 жылы қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып сайланды. Әбілқайырдың басшылығымен қазақтар бірнеше жеңіске жетіп, Бұланты шайқасында жоңғарларға күйрете соққы берді. 1729-1730 жылы Болат хан қайтыс болғаннан кейін Әбілқайыр ұлы хан болуға үміткер болды, бірақ билер Әбілмәмбет ханды сайлады.

1730 жылы Әбілқайыр Ресей протекторатын қабылдап, қазақ жүздерін біріктіруге ұмтылды. Алайда, Ресейдің отаршыл саясатына қарсы шыққанымен, бірнеше рет бодандық антын беруге мәжбүр болды.

Тұңғыш зерттеуші-ғалым – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865 ж.) 

Шоқан Уәлиханов – қазақтың тұңғыш зерттеуші ғалымы, ағартушы, тарихшы, этнограф, географ және шығыстанушы. Ол XIX ғасырда қазақ халқының мәдениеті мен тарихын, Орта Азияның географиясы мен этнографиясын зерттеген алғашқы қазақ ғалымдарының бірі ретінде танылған.

Шоқан Уәлиханов Абылай ханның шөбересі болып, Шыңғыс хан әулетіне жататын текті отбасында дүниеге келген. Ерте жастан орыс білім беру жүйесінде оқып, озық білім мен ғылымға қол жеткізді. 1847 жылы Шоқан Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсіп, онда орыс және батыс мәдениетіне жақын болды. Осы жерде оның ғылыми қызығушылықтары қалыптасып, алғашқы этнографиялық зерттеулерін бастады. Ғалым Орта Азия мен Қазақстанның тарихы, мәдениеті, географиясы туралы зерттеулерімен танымал болды. Оның еңбектері ішінде «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері» сияқты маңызды зерттеулер бар. Шоқанның ғылыми қызметі бүкіл Орталық Азияның зерттелуіне үлкен үлес қосқан.

Тұңғыш Әлем чемпионы атанған қазақ – Қажымұқан Мұнайтпасов (1871-1948 ж.) 

Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазақ халқының тарихындағы алғашқы кәсіпқой балуан. Ол бүкіл өмірін күрес өнеріне арнап, қазақтың кең даласы мен рухты халқын әлемге танытқан алғашқы спортшы болды. Бұрынғы қазақ балуандарының баспаған жерлерін бағындырып, алтын мен күміс медальдарды тұңғыш иеленген Қажы Мұқан, елінің мақтанышына айналды.

Табиғат берген орасан күші мен шеберлігінің арқасында ол күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атағына ие болған алғашқы қазақ алыбы ретінде тарихта қалды. Қажы Мұқан 54 мемлекетте өнер көрсетіп, 48 медаль жеңіп алған. XX ғасырдың басында түркі халықтарының арасында қазақ балуаны осындай дәрежеге жеткен бірегей тұлға болды. Ресей балуандарының ішінде Қажымұқанға тең келер ешкім болмады. Ол Иван Поддубный, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Поль Понс секілді әлем чемпиондарымен күресіп, оларды жеңіп, нағыз ерлікке қол жеткізді. Ресей империясының қазаққа деген менсінбеушілікке толы көзқарасына қарамастан, Қажы Мұқан намысын бермей, өз беделін асқақтата білді. Күрес төрешілерінің әділетсіздігіне қарамастан, ол еңсесін түсірмей, күресте үнемі жеңіске жетіп отырды.

Қазақтың тұңғыш дәрігері – Мұхамеджан Қарабаев (1858-1928 ж.)

Мұхамеджан Қарабаев – қазақ халқының алғашқы дәрігерлерінің бірі, медицина саласының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол Санкт-Петербургтегі Императорлық медициналық хирургиялық академияны бітірген алғашқы қазақ дәрігері болды.

Мұхамеджан Қарабаев дәрігерлік қызметінде жұқпалы аурулармен күреске үлкен мән беріп, өз дәуірінде кең таралған оба, тырысқақ, безгек сияқты аурулармен күрес жүргізді. Ол медицина саласында халық арасында санитарлық-эпидемиологиялық шараларды енгізуге, медициналық білім беруге көп еңбек сіңірді.

Дәрігердің есімі қазақ медициналық тарихында алғашқылардың қатарында аталады, оның еңбегі медицина мен халық денсаулығын қорғау ісінде жаңашыл болды.

Тұңғыш әйел журналист – Нәзипа Құлжанова (1887-1934 ж.) 

Нәзипа Құлжанова – қазақ тарихындағы тұңғыш әйел журналистердің бірі және қоғам қайраткері. Ол өз дәуірінде әйелдердің құқықтарын қорғау, білім алу және қоғамдық өмірге араласу қажеттігін алға тартып, күрделі әлеуметтік мәселелерді қозғады. Оның еңбегі қазақ қоғамында әйелдердің мәртебесін көтеруге, олардың мәдени және білім саласындағы мүмкіндіктерін арттыруға зор үлес қосты.

Нәзипа Құлжанованың журналистік қызметі тек мақалалар жазумен шектелмеді. Ол әйелдерге арналған арнайы басылымдар шығаруға, түрлі қоғамдық шараларды ұйымдастыруға белсене қатысты. Журналистің мақалалары мен қоғамдық бастамалары арқасында қазақ әйелдері білім алып, қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік алды.

Нәзипа Құлжанованың өмір жолы – қазақ әйелдерінің теңдік пен білім алуға деген күресінің жарқын мысалы. Оның есімі қазақ журналистикасы тарихында алтын әріптермен жазылды. XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлін өзгертуге арналған еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті және құнды болып табылады.

Қазақтың тұңғыш математигі – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков (1891-1970 ж.) 

Әлімхан Ермеков Қазақстандағы математика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым, қоғам қайраткері. Әлімхан Ермеков 1918 жылы Томск технологиялық институтын бітірген, кейіннен математика мен жоғары білім беру саласында қызмет еткен.

Әлімхан Ермековтің ғылымдағы жетістіктерінің бірі Қазақстанның шекараларын анықтауға қатысты мәселелерді математикалық тұрғыдан дәлелдеп, 1920 жылы Мәскеуде өткен Кеңес өкіметінің комиссиясында Қазақстан аумағын сақтап қалуға зор үлес қосқандығы. Сондай-ақ ол Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орындарында математиканы оқыту әдістемесін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген. Ғалымның есімі Қазақстан ғылымының тарихында үлкен құрметпен аталады.

Қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі – Әбілхан Қастеев (1904-1973 ж.) 

Әбілхан Қастеев Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Өзіндік ерекше стилімен танылған Қастеев қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, табиғатын, тарихи оқиғаларын шеберлікпен бейнелеген.

Әбілхан Қастеев Мәскеудегі Н. К. Крупская атындағы халық шығармашылығы студиясында білім алған, содан кейін Қазақстанда кескіндеме өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан. Оның ең танымал туындыларының қатарында «Түрксіб», «Қыз қуу», «Айтыс» және басқа да көптеген туындылары бар.

Бүгінгі таңда Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы оның шығармашылық мұрасын сақтау және насихаттау үшін жұмыс істеп келеді.

Қазақтың тұңғыш бишісі – Шара Жиенқұлова (1912-1991 ж.) 

Шара Баймолдақызы Жиенқұлова – қазақ би өнерінің көрнекті қайраткері, ұлттық хореографияның негізін қалаушылардың бірі. Бала кезінде оған Гүлшара есімін бергенімен, ел арасында Шара атымен танымал болды. Шара – Баймолда Жиенқұлдың он төртінші перзенті. Ол орыс мектебінде білім алып жүріп, би өнеріне алғаш қадам жасады. 13 жасында жайлауда қазақтар мен қырғыздардың тойында алғашқы рет сахнаға шығып, жұртшылық алдында биледі. Бұл ерекше сәт оның өміріндегі өнер жолының басталуына әсер етті.

Ата-анасы оның өнерге деген қызығушылығына алғашында уақытша әуестік деп қарағанымен, қыздарының өнерге деген құштарлығы жыл сайын арта түсті. 1928 жылы Шара актер және режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шығып, оның қолдауымен үлкен өнерге бет бұрды.

Ол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында алғашқы қадамдарын жасап, Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліш рөлін сомдады. Кей деректерде оның алғашқы рөлі Бейімбет Майлиннің «Шұға» қойылымында болғаны айтылады.

Шара Жиенқұлова Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» пьесаларында басты рөлдерді сомдап, 1934 жылы Қазақ мемлекеттік музыка театрында алғаш рет «Айман – Шолпан» спектаклінде қазақтың ұлттық биін орындады. Бұл би – Шараның төл туындысы, қазақ би өнерінің бастауы болды. Ол сонымен қатар, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді билеп, қазақ сахна өнеріне елеулі үлес қосты.

Рейхстагқа ту тіккен қаақ – Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988 ж.)

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылып, 1944 жылдан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясының құрамында шайқастарға қатысып, Польша мен Германия жеріндегі ұрыстарға белсене араласты.

1945 жылдың 30 сәуірінде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Совет әскерлері арасынан алғашқылардың бірі болып Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Алайда бұл тарихи оқиға ұзақ жылдар бойы ресми түрде мойындалмай, Мәскеу оны назардан тыс қалдыруға тырысты. Себебі жеңіс туын қазақ батырының тігуі сол кездегі идеологияға сәйкес келмеді.

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі Мәскеуде бағаланбағанымен, туған елі оны ардақ тұтты. 1999 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 7 мамырда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы берілді.

Тарихи әділдік орнаған соң Ресейдің Әскери тарих институты 2007 жылдың 7 мамырында Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа ту тіккенін ресми түрде растады.

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін алғаш болып кең насихаттаған мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев болды. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасымен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне қатысты жүзден астам тарихи құжатты жинақтап, оның шын бағасын алуы үшін көп ізденді. Кәкімжан Қазыбаевтың еңбегінің арқасында бұл оқиға шетелдік басылымдарда да жарияланды.

Тұңғыш мүсінші – Хәкімжан Исмаханұлы Наурызбаев (1925-2009 ж.)

Хәкімжан Наурызбаев – қазақ халқының тұңғыш кәсіби мүсіншісі әрі қазақ мүсін өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Оның туындылары ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосты. Хәкімжан Наурызбаевтың еңбектері арасында Абай, Жамбыл, Шоқан, Амангелді, Құрманғазы, Дина сынды ұлы тұлғаларға арналған ескерткіштер көпшілікке кеңінен танымал.

Ол 1939-1941 жылдары Мәскеу көркемсурет мектебінде сырттай оқып, 1943-1945 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде білімін жалғастырды. Училищеде оқып жүріп, мүсіншілер О.Кудрявцева мен С.Бесединаның шеберханаларында жұмыс істеді. Кейіннен ол Алматы театр-көркемсурет училищесінде ұстаздық қызмет атқарды.

1952 жылы Наурызбаев СССР Суретшілер одағының мүшесі болды және мүсіндеме бөлімін ашып, 1964 жылға дейін шығармашылық шеберхананы басқарды. Хәкімжан Наурызбаев Қазақстанның Халық суретшісі, профессор атақтарына ие болып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Өнерге адал қызмет етіп, 300-ден астам мүсіндік туынды қалдырған ол көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Олимпиадаға қатысқан бірінші қазақ – Ғұсман Қосанов (1935-1990 ж.)

Ғұсман Қосанов – КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан алғашқы қазақ желаяқ. Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан ол 1960 жылы Рим Олимпиадасынан күміс медаль алды.

Ғұсман Сыйттықұлы 1935 жылдың 25 мамырында Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданындағы Изатулла ауылында дүниеге келді. Жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болды.

Ол Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын тәмамдаған. Спорттық мансабында 1960 жылы Рим Олимпиадасында 4x100 метрлік эстафетада күміс жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар, Киевте өткен КСРО чемпионатында 4x100 метрлік эстафетаның жеңімпазы (1960) атанып, 1966 жылы Днепропетровск қаласында 100 метрге жүгіруден күміс жүлдегер болды. 1965 жылы Киевте КСРО – АҚШ матчының 4x100 метрлік эстафетасында жеңіске жетті.

1967 жылдан бастап жаттықтырушы болып жұмыс істеді, 1968 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері атағына ие болды. Ғұсман Қосановтың еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен және басқа медальдармен марапатталды.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев (1940 жылы дүниеге келген) 

Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан Республикасының президенті болды. Ол 1960 жылдары комсомол ұйымында жұмыс істей бастаған, кейіннен металлургия саласында түрлі қызметтер атқарды.

1989 жылы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болып тағайындалды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен президент сайлауында Қазақстанның президенті болып сайланды. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезеңінде Қазақстан тәуелсіздігін нығайтып, экономикалық реформаларды жүзеге асырды. Ол сондай-ақ еліміздегі көпвекторлы сыртқы саясатты дамытуға күш салды.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды, бірақ Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде және «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде саясатта белсенді болып қалды. Ол Қазақстан тарихында маңызды тұлға болып саналады.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров (1946 жылы дүниеге келген) 

Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, қазанның 10-ында Жерге қайтып қонды. Ол Қазақстанның ғарыш саласындағы алғашқы кәсіби маманы болып табылады. Оның ғарыштағы сапары қазақ халқының ғарыштық тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болып саналады. Тоқтар Әубәкіров ғарышта 7 күн, 22 сағат, 13 минут уақыт өткізді және осы сапарында ғылыми зерттеулер жүргізді. Оның ғарыштағы жетістігі ерекше бағаланады.

Айта кетейік, жоғарыда атап шыққандардан бөлек те қазақтан шыққан тұңғыштардың қатары көп. Мәселен,  Сырым батыр Датұлы қазақ даласындағы көтерілістердің бірінші басшысы, Дінмұхаммед Сұлтанғазин екі жоғары білім алған бірінші қазақ, Әміре Қашаубаев шетелде қазақ әндерін бірінші орындаған әнші, Талғат Бигельдинов Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алған бірінші қазақ болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға