Қазақтан шыққан «Кларалар» кімдер?

Бүгін, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл мереке әйелдердің қоғамдағы рөлін айшықтап, олардың еңбегі мен жетістіктерін дәріптейтін маңызды күн. Әйелдер құқығы мен теңдігі үшін күресте ерекше орын алған неміс революционері Клара Цеткиннің бастамасымен дәл осы күн әйелдер мерекесі ретінде белгіленген.
Қазақстанда да 8 наурыз кеңінен тойланып, нәзік жандыларға құрмет көрсетіледі. Осы мереке аясында тарихқа көз жүгіртіп, қазақ қоғамындағы «Клара» есімді танымал тұлғаларға тоқталуды жөн көрдік.
8 наурыз мерекесі қалай пайда болған?
ХІХ-ХХ ғасырларда әйелдер өздерінің еңбек және саяси құқықтары үшін белсенді түрде күресе бастады. 1857 жылы Нью-Йорктегі тоқыма және аяқ киім фабрикаларының жұмысшы әйелдері «бос қазандар шеруіне» шығып, 16 сағаттық жұмыс күніне, төмен жалақыға және ауыр еңбек жағдайларына қарсы наразылық білдірді.
1908 жылы Нью-Йоркте 15 000-ға жуық тоқыма жұмысшысы жұмыс жағдайын жақсарту және сайлау құқығын алу үшін ереуілге шықты. Келесі жылы, 1909 жылдың наурызында, осы ереуілге қатысушыларға арнап әйелдер күні алғаш рет атап өтілді.
1910 жылы Копенгагенде өткен социалист әйелдердің екінші халықаралық конференциясында неміс коммунисі Клара Цеткин әйелдер теңдігі мен эмансипациясы үшін күрес күні белгіленуі керек деген ұсыныс жасады. Бұл бастама конференцияға қатысушылардың қолдауына ие болды, бірақ нақты күні бекітілген жоқ.
1911 жылы Германия, Австрия, Дания, Швейцария, Франция, Ресей, Чехия және Венгрия әйелдері бұл күнді өз құқықтары үшін күрес күні ретінде атап өтті. Бірақ ол кезде әр елде әртүрлі күндерде – 2 наурыз бен 19 наурыз аралығында өткізілді.
1914 жылы Еуропада соғыс қаупі күшейген шақта әйелдер милитаризмге және соғысқа қарсы шықты. Осыған байланысты ұйымдастырылған шаралар 8 наурызға сәйкес келді.
1917 жылы 23 ақпанда Ресейдің Петроград қаласында жаппай митингілер, шерулер басталды. Әйелдер соғысқа және азық-түлік тапшылығына қарсы шығып, монархияны құлатуға себеп болған революцияға ықпал етті. Осы оқиғаларға орай, 1921 жылы 8 наурыз революцияға қатысқан әйелдерді еске алу күні ретінде ресми түрде бекітілді.
1966 жылы КСРО-да 8 наурыз ресми демалыс күні болып жарияланып, феминистік бағыттан алыстап, әйелдерге құрмет көрсету күніне айналды.
1975 жылы БҰҰ Халықаралық әйелдер жылын жариялап, осы жылы 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп ресми түрде бекітті.
1979 жылы әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрін жою туралы БҰҰ конвенциясына қол қойылды.
Қазіргі таңда 8 наурыз әлемнің көптеген елдерінде әйелдердің құқығы мен жетістіктерін дәріптеу күні ретінде аталып өтеді. Кейбір елдерде ол әлі күнге дейін гендерлік теңдік мәселелерін көтеру үшін пайдаланылады, ал басқа елдерде әйелдерге құрмет көрсетілетін дәстүрлі мерекеге айналды.
Қазақстанда қанша «Клара» бар?
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда «Клара» есімді 11262 адам бар. Оның 8855-інің ұлты – қазақ. «Клара» есімін иемденген кішілерден бір жасқа толмаған 3 бала, ересектерден 92 жастағы бір әйел бар.
«Клара» есімінің шығу тарихы
Клара есімі латынның «clara» – «жарық», «мөлдір», «таза» сөзінен шыққан. Бұл атау Еуропада орта ғасырлардан бастап танымал болып, әсіресе католик әлемінде кең таралды. Францияда «Клэр» нұсқасы жиі кездессе, Германияда XX ғасырдың басында ең танымал есімдердің бірі болды.
Ресейде Клара есімі XX ғасырда Клара Цеткиннің ықпалымен танымал болды. Ол әйелдердің құқықтары үшін күрескен неміс коммунисті, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні идеясының негізін қалаушы ретінде белгілі. Кеңес дәуірінде бұл есім мыңдаған қыздарға қойылды, бірақ уақыт өте келе сирек атала бастады.
Клара есімді қыздар байсалды, мақсатшыл, жауапты және еңбекқор келеді. Олар өз істерінде табысқа жетуге ұмтылады, жақсы оқушы, сенімді маман, үлгілі отбасы иесі бола алады. Ерік-жігері мықты, жұмысты жүйелі түрде атқарады, бірақ эмоциясын жиі бақылауда ұстайды.
Өмірде бәріне өз күшімен жетуге тырысады, кейде сезімталдық пен шығармашылық еркіндікке жол бермейді. Алайда өзіне сенуді және шабыттануды үйренсе, үлкен жетістіктерге жете алады.
Қазақтың танымал «Кларалары»
Қазақстанда «Клара» есімді бірқатар танымал тұлғалар бар. Оларды ретімен атап өтейік.
Клара Хафизова – тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі шығыстанушы ғалым. Ол 1939 жыл 24 сәуір Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. 1964 жылы Ташкент мемлекеттік университетін, 1973 жылы КСРО Ғылым академиясының Шығыстану институтының аспирантурасын тәмамдаған. Ғылыми қызметін 1969 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. 1974–1990 жылдары Ұйғыртану институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 1990-1994 жылдары ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. 1995–1998 жылдары Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында жетекші ғылыми қызметкер және бөлім бастығы болған. 1998-2005 жылдары «Қайнар» университетінің стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталықтарын басқарған. 2005 жылдан бастап осы университет жанындағы Қазақ тарихы мен өркениеті институтының директоры қызметін атқарады. Ол 14-19 ғасырлардағы Қытайдың Орта Азиядағы дипломатиясын зерттеп, осы тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Сондай-ақ 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.
Клара Қабылғазина – филология ғылымдарының кандидаты (Ph.D), доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің профессоры.
1950 жылы 4 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жалғызтал ауылында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті, 1973 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Ол 4 электронды оқулық, 7 оқу құралы, 1 оқулықтың авторы. «Радиожурналистика» және «Қазақ журналистикасы» оқулықтарына тараулар жазған, 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалар жариялаған.
Журналистика саласындағы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Журналистер академиясының дипломымен, Құрмет грамоталарымен, «ҚазҰУ 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. «ҚазҰУ-нің үздік оқытушысы» атағының иегері.
Көркем прозамен де айналысады, әңгіме, новеллалары республикалық басылымдарда жарияланып келеді. 2012 жылы ол туралы «Қоғам және әйел» бағдарламасы негізінде деректі фильм түсірілді, түрлі телеарналарда сюжеттер мен бағдарламалар арналды.
Өмірлік ұстанымы – шыншылдық, адалдық, турашылдық, ал ұстаз үшін ең бастысы – өзі өнеге көрсету. Үлгілі шаңырақ иесі, төрт баланың анасы, немере сүйген әже.
Клара Күзденбаева – Қазақстан мен Ресейде танымал нумеролог және психология саласының маманы. Оның болжамдарына көптеген шоу-бизнес өкілдері мен танымал тұлғалар жүгінеді. Нумеролог ерекше қабілеті мен дәл болжамдарының арқасында үлкен беделге ие болған.
Клара Күзденбаева 1963 жылы 24 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Бастапқыда нумерология мен психологияға қызығушылық танытпаған, жоғары білімді Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде алған.
Клараның эзотерика мен нумерологияға келуі күтпеген жағдай болды. Үндістанға саяхат барысында ол буддистік және индуистік мәдениетпен танысып, Дхарамсала қаласында тақуалармен әңгімелескен. Осы сапардан кейін ол рухани білімге терең үңіліп, нумерологияны зерттей бастайды. Сондай-ақ, Мюнхендегі Парапсихология университетінде білім алды.
Клара Күзденбаева Мәскеуге көшіп, өзінің ерекше қабілеттерін жетілдіре түсті. Уақыт өте келе оған Ресей эстрадасы мен шоу-бизнесінің өкілдері келе бастады. Бүгінде ол кеңінен танымал нумерологтардың бірі ретінде сұранысқа ие маман.
Тағы да «Клара» есімімен белгілі тұлғалардың бірі – Клара Төленбаева. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солисті, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы.
Клара 1976 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжді, 2001 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президент оркестрінің әншісі және Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқарады.
Клара Төленбаеваның есімі Клара Цеткиннің құрметіне қойылған ба?
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Клара Төленбаевамен байланысып, есімінің мағынасына, мерекені қалай өткізетініне қызығушылық таныттық.
Менің есімім Клара Цеткиннің құрметіне қойылды деп айта алмаймын. Біз оны немістің революционер әйелі ретінде жақсы танимыз. Қазіргі таңда тойлап жүрген 8 наурыз мерекесі Клараның арқасында қалыптасты, – дейді әнші.
Клара Төленбаеваның айтуынша, отбасында үш апалы-сіңілі бар.
Бірінші әпкемнің есімі – Майра, екінші әпкемнің есімі – Сайра. Ал менің атымды осы әпкелерімнің есіміне ұйқас болсын деп «Клара» қойған, – деді ол.
Танымал әнші 8 наурыз мерекесін әдеттегідей ел қатарлы тойлайтынын жеткізді.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы мен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құттықтауына қатысамын. Жыл сайын азаматым Медеттен гүл, сыйлық аламын. Отбасымызда екі қызымыз бар. Жолдасым үшеумізді мерекемен құттықтап, ерекше көңіл бөледі. Осы орайда азаматым Медетке, ұлым Нұрсаматқа үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ біз әр мереке сайын қос анамызды құттықтап, сыйлық береміз. Осылайша 8 наурызды жақындарыммен өткіземін, - деді ол.
Клара Төленбаева қазақ халқына мерекемен құттықтау сөзін де арнады.
Қазақ елінің барша қыз-келіншектерін, аруларын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын. Әр шаңырақта жақсылық, қуаныш, шаттық, бақ-береке болсын. Әйелдер көктемнің шуақты күніндей жарқырап, қызғалдақтай құлпырып жүре берсін. Бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербететін аруларға әйел бақытын тілеймін, – деп сөзін қорытындылады әнші.
