Жаңалықтар

Қазақстанның сыртқы саясатта лайықты өз орны бар - Мұхит Асанбаев

Қазақстанның сыртқы саясатта лайықты өз орны бар - Мұхит Асанбаев
Фото: жеке мұрағат 13.08.2024 18:12 358

Қазақстанның жаһандық бастамалары бейбітшілікке негізделген. Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдерде арағайын болып отыр. Бітімгершілік күштеріміз БҰҰ сапында Таяу Шығыстың тыныштығын күзетіп жүр. Геосаяси сілкіністерге қарамастан, сыртқы саясатта еліміз өте белсенді. Түрлі халықаралық ұйымдарда өз орны бар. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы артып келе жатқаны байқалады. Алпауыт елдермен ортақ ұстаным бойынша келіссөз жүргізе бастады.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Мұхит Асанбаев еліміздің сыртқы саясаты, халықаралық ұйымдардағы қызметі, геосаяси ахуал жөнінде El.kz ақпараттық агенттігіне сұхбат берді.

El.kz: Қазіргі халықаралық ахуал өте күрделі. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың тоқтар түрі жоқ. Таяу Шығыста тағы да жағдай ушығып жатыр. Тайвань мәселесі Тынық мұхитын толқытып тұр. Бұл көпполярлы әлемнің сұлбасының көрініп келе жатқанын білдіре ме?

Мұхит Асанбаев: Айтарлықтай өзгеріс болып кетті деу жаңсақтық. «Көп полярлы әлем» – алпауыт елдердің қатарына қосылғысы келетін дамушы елдердің уәжі. «Көп полярлы әлем болуы керек» дегенді алға тартушы мемлекеттер бар. Мәселен, бұл Ресейдің сыртқы саясатындағы бағыт-бағдардан айқын көрінеді. Түркияның да амбициясы жоғары. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде тұрақты мүше бес мемлекет бар. Алайда, «Дүние бес елден де үлкен» деген райда Түркия солардың санын көбейтуді ұсынып келеді.Сондай талпыныстар бар. Десе де, шын мәнінде, халықаралық қатынастар жүйесі өте қарқынды дамып жатқанын айта кету керек. Қазір мұның болашақта қалай өрбитінін дөп басып айту қиын. Көпполярлық әлемнің келбеті көрініп тұр. Бірде-бір алпауыт мемлекет қазір бұрынғыдай үстемдік ете алмайды. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бұрынғы салмағы, үлесі азайды. Дау-дамайға көп араласқысы келмейді. Экономикалық мүддесі болғандықтан осы аймақта қалуы керек. Өйткені, араб елдері, Израиль, мұнай бар дегендей.Тайвань – Тынық Мұхиты аймағының мәселесі. Бірақ Қытай Ресей мен Украина арасындағы соғыстың зардабын жіті бағалап отыр. Олардың байқап отырғандығы - казіргі сандық кеңістік, әлемеуметтік желі кезеңінде ақпаратты толық бұрмалау мүмкін емес. Сондықтан Ресейде мемлекеттік саясатпен келіспеген жастар соғысқысы келмейді. Ресейден қашып жатқандар көп. Өйткені, қазір жаһандану дәуірі. Адамдар қай жерде, қай елде және қалай өмір сүргісі келсе де, таңдау еркі өздерінде. Бұл – өте күрделі мәселе. Бірақ Қытай мен Тайвань арасындағы қақтығыс болған жағдайда, оның салдары өте үлкен болады. Оны болдырмау үшін көп тарап жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жақын арада қақтығыс болмайды деп ойлаймын. Болған күннің өзінде басқаша тәсілде, гибридтті түрде көрініс беру мүмкін. Тайвань мәселесінің экономикалық қыры да бар. АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік күшейіп жатыр. Тайваньда микрочиптер шығарылады. Бұл – әлемде өте сирек кездесетін индустрия. Технологиясы мықты. Оған қатысты да бәсекелестік бар. Бірақ соғыс болмайды деп те үзілді-кесілді айта алмаймыз. Қазіргі кезде алдын ала болжам жасауға болмайды. Бәрі көп факторға байланысты. Өршіп тұрған ең күрделі мәселе – Таяу Шығыс және Украина мен Ресей арасындағы дағдарыс. Таяу Шығыста Израильдің Газа Секторындағы соғысы жазықсыз бейбіт палестиндықтардың жаппай өліміне әкелуде, бұның әсері аймақтағы тепе-теңдікті шайқап, алдағы уақытта аймақтық соғысқа ұласуы әбден мүмкін. Дегенмен, тараптар, соның ішінде, Иран мен Израиль ашық жанжалдасқысы келмейді. Бір-біріне алдын ала қыр көрсетіп, ескерту жасап, қатты зақым келтірмейтін соққы береді. Мұның бәрі өздерінің ішкі аудиториясын тыныштандыру үшін жасалып жатыр. Израиль де, Иран дасолай. Яғни, аймақтық державалардың өзі қақтығыстарға мүдделі емес.

El.kz: Қазақстан әлемдік саясатқа араласып жатыр. Мәселен, Таяу Шығыста БҰҰ сапында біздің бітімгершілік күштеріміз бар. Жанжал кезінде БҰҰ күштері, яғни біздің сарбаздар қандай қызмет атқарады?

Мұхит Асанбаев: Қазақстандық бітімгершілік күштер БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау, сақтау миссияларына қатысып келеді. Әлемнің әртүрлі аймақтарында гуманитарлық жағдайды реттеу үшін, жанжалдасушы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау үшін Таяу Шығыс аймақтарында орналасқан. Бір рота қазақ сарбаздары Сирияның Голан жотасындағы базада қызмет етіп жүр. Бітімгершілік миссияларға қатысудың мақсаты – атысты тоқтату режимін сақтау. Бұл біз үшін неге керек? Әскерилеріміз гуманитарлық жағдай бойынша ақпарат алмасады. Әскери медицина, әскери оқыту іс-шаралары тұрғысынан біздің әскерилер үшін үлкен мектеп. Шұғыл көмек көрсету тәртібін, шұғыл көмек көрсету дағдыларын, медициналық жабдықтарды пайдалану тәжірибесін, қазіргі заманауы соғыс тәсілдерін игереді. БҰҰ миссиясы аясында қызмет атқарғандықтан, тараптардың қақтығысына тікелей араласпайды. Соғысты болдырмауды, оның алдын алуды мақсат етеді. Бұл біз үшін жаңалық емес. Қазақ жауынгерлері 2014 жылдан бері БҰҰ миссияларына қатысып келеді. Батыс Сахара, Піл сүйегі жағалауы елі, Мали, Орталық Африка, Ливан елдерінде болды. Әскерилеріміз үшін бұл – үлкен тәжірибе. Құдайға шүкір, біздің әскерлер тікелей әскери ұрыстарға қатыспаған. Теория мен практика тәжірибесінің айырмашылығы бар. Бұл практикалық маңызы бар шара. Содан кейін, бұл – біздің тараптан қабылданған саяси шешім. Әрине, жанжал ушығып кетсе, қақтығыс аймағында орналасқан сарбаздарымызға қауіп жоқ емес. Десе де, соғысып жатқан тараптар халықаралық күштердің миссиясына зәру. Әйтпесе, олар бізді шақырмас еді. Соған мүдделі болып отыр.

El.kz: Қазіргі геосаяси ахуал өте күрделі. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатына қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

Мұхит Асанбаев: Қазір көрші елдермен қарым-қатынастарды жандандырып жатыр. Аймақтандыру саясаты байқалады. Орталық Азия елдеріндегі бес мемлекет бір ұстанымға келуге ұмтылып жатыр. Алпауыт мемлекеттермен бірге келіссөздер жүргізіп отыр. Сондай үрдіс байқалады. «Орталық Азия +» форматы деген бар. Бұл – соның бір көрінісі. Біздің саясат көпвекторлы. Бұрыннан осы саясатты ұстанып келеді. Бұл дұрыс. Тараптардың бірінің жағына шықпай, орта жолды ұстанады. Мұның экономикалық жағынан әсері тиюі мүмкін, бірақ геосаяси тұрғыдан керемет бір қысымға ұшырап отырғанымыз жоқ. Керісінше, өзіміздің басымдықтарымыз бар. Ұстанымдарымызды нақтылап, мүдделерімізді айқындап, саяси, дипломатиялық сауда кезінде өз мүдделерімізді іске асыруға мүмкіндік туады. Бір сөзбен айтқанда, күрделі геосаяси ахуал Қазақстанның сыртқы саясатына елеулі өзгеріс әкелген жоқ. Біз мүмкіндіктерімізге қарай әрекет етіп отырмыз. Біз Түркия секілді ел емеспіз. Аймақтық держава аталса да, бұл мемлекеттің ғаламдық салмағы, жаһандық мүдделері бар. Оған әлеуеті де, әл-ауқаты да, экономикасы да,саяси әскери потенциалы да жеткілікті. Десе де, біздің лайықты өз орнымыз бар.

El.kz: Халықаралық жанжалдарға, дау-дамайға қатысты Қазақстан бейтараптық танытып келеді. Бірақ белсенді әрекет жасап жатыр. Тараптардың бір жағына шықпай, Батыс, Шығыс елдерімен де тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтыны аңғарылады. «Белсенді бейтараптық» деген термин пайда болды. Осы құбылысқа қандай баға берер едіңіз?

Мұхит Асанбаев: Біз сөз етіп отырған жайттардың өзі – «белсенді бейтараптық». Алпауыт елдер біздерді өз жағына шығаруға ұмтылып жатқаны құпия емес. Біз оларды алдарқатып, ортақ мәмілеге келуге тырысып жүрміз. Мұны «белсенді бейтараптық» атауға болатын шығар. Десе де, бұған ғылыми түрде баға бере алмаймын. Бірақ іс жүзінде жүзеге асып отырған жағдай. Өйткені, орта держава деген ұғым бар. Еуропадағы шағын мемлекет Словакия да өзін орта держава деп атайды. Қазақстан да – орта держава.

El.kz: «С5+1» форматы арқылы АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен қарым-қатынас жүргізіп жатыр. Жапония делегациясы жер сілкінісіне байланысты келе алмады. Бұл формат түбі Орталық Азия елдерінің интеграциясына ұласуы мүмкін бе?

Мұхит Асанбаев: Мұны интеграция демей-ақ қояйық, бірақ сыртқы саясатта, Орталық Азиядағы жағдайды орнықтыруға, жанжал сахналарынан тыс ұстауға септігін тигізеді. Басқа елдермен қарым-қатынаста аймақтағы мемлекеттердің позициясын күшейтеді. Мысалы, «Орталық Азия + Қытай Халық Республикасы» форматы аясында бес мемлекеттің дауысы бір жерден шықса, одан аймақ жеңілмейді деп ойлаймын. Қайта өз мүддесін толық қанды қорғауға, жоғары қоюға мүмкіндік береді. Ал екіжақты қарым-қатынаста әр ел жеке дара дипломатиялық басымдыққа ие бола алмайды. Сондықтан «Орталық Азия +» форматы ең тиімді формат. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар қазақ та. Орталық Азия елдері өзге елдермен бір позицияда қарым-қатынас жасаса, ортақ мүдделеріміз үшін өте пайдалы. Кезінде Қазақстан және Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер мәселелері осы форматта шешілгенде, біз үлкен жетістіктерге жетер едік.

El.kz: Жалпы, Қазақстан Түркі мемлекеттерінің ұйымының мүшесі. Көршілес Орталық Азия елдерден бөлек, бұған Түркия мен Әзірбайжан да кіреді. Осындай бас қосуларда түркі бірлігі туралы көп айтылғанымен, ағайын елдердің арасында проблемалар шаш етектен. Бұл ұйым осы мәселелерді талқылайтын, шешетін іргелі бірлестікке айналып келеді
деп айта аламыз ба?

Мұхит Асанбаев: Түркі мемлекеттерінің ұйымы – ортақ платформа. Өзінің эволюциялық үдерістері жүріп жатыр. Бірақ мәресіне жетті деп айта алмаймыз. Біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мән мәнінде қарқынды дамып келеді. Мысалы, гуманитарлық саланы алып қарасаңыз, ортақ түркі әдебиетін, ортақ әліпбиді, ортақ мәдениетті дамыту жобалары бар. Бұл бізге керек пе? Меніңше, керек. Бір мәселеге бір көзбен қараудың өзі – үлкен саясат. Бір жағынан, көлік-логистикасын дамытады. Түркі мемлекеттерінің ұйымы дегеніміз – Түркия, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия аймақтары. Бұл  ұйым бізге Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы Еуропаға жол ашуға мүмкіндік бермек. Халықаралық сахналарда елдеріміз бірін-бірі саяси тұрғыдан қолдайды,көмек береді. Ынтымағымыз берік болса, бұдан басқа елдер сескенеді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Түркі мемлекеттер ұйымына төрағалық етіп отыр. Жақында Қазақстанның делдалдығымен Алматыда Әзірбайжан мен Армения бейбіт келісімге келу үшін бас қосу өтті. Әлі де өтіп жатыр. Оның мақсаты – екі елді татуластыру. Өйткені, Әзірбайжан мен Армения бейбіт келісімге келсе, Транскаспий көлік-логистика жобасы іске қосылады. Бұл – үлкен мәселе. Каспийдің бір жағында Иран, екінші жағында Ресей елі жатыр. Осы ұйымдағы біздің төрағалығымыз Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнатуға, көлік-логистика дәліздерінің ашылуына оң септігін тигізеді. Жалпы, Түркі мемлекеттер ұйымы шеңберінде қырыққа жуық іс-шара өткізіліп жатыр. Оның көбі айтыла бермейді. Мәселен, саясат, құқық, білім, технология және инновация салаларында Түркі мемлекеттер ұйымына кіретін елдердің ынтымақтастығы артып келеді. Болашақта түркі мемлекеттерінің банкі құрылу мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Осындай ұйымдарды көбейту, дем беру, күшейту – ұлттық мүддемізге сай келеді. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

El.kz: Қазақстанның басты серіктесі – Ресей. ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ секілді интеграциялық жобалар арқылы екі ел арасы етене. Десе де, Ресей қазір санкция астында. Украинада соғыстың қалай аяқталары әлі дүдамал. Ресеймен байланысты интеграциялық жобалардың болашағына қатысты алаңдаушылық бар. Бұған не дер
едіңіз?

Мұхит Асанбаев: Иә, Ресейдің өзінде де мұндай сұрақ туып жатыр. Ресейдің ертеңі не боларын болжау қиын. Бұрынғы қуатын сақтай ала ма, жоқ па? Ол жағын айта алмаймыз. Үлкен өзгеріс болып жатыр. Соғыс, бұрын-соңды болмаған санкция.  Меніңше, бұған қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Керісінше, интеграция күшейіп кетсе, алаңдауға негіз болар еді. Әзірге бәрін уақыт көрсете жатыр. Ресейдің халықаралық, әсіресе, ТМД елдері арасындағы қабылдануы өзгеріске түсіп жатқаны байқалады. Қазақстанда да пікір әртүрлі. Аға буын өкілдері Ресейге бүйрек бұрады. Жастар басқаша қарайды. Ресейдің дамуы өте қызық. Украинадағы соғыстың қалай аяқталатыны әлі беймәлім. Ерте ме, кеш пе, оның әсерін біз сезе бастаймыз.

El.kz: Шанхай ынтымақтастық ұйымы – іргелі ұйым. Еліміз осы ұйымның мүшесі. Бұл ұйымның қазіргі кездегі қызметіне тоқтала кетсеңіз. Міндеттері қалай орындалды?

Мұхит Асанбаев: Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудағы басты мақсат Қытаймен шекаралас елдердің арасында өзара сенімді қалыптастыру болатын. Шекарадан жүз шақырымға дейін әскер ұстамау, территориялық дау болса, оны бейбіт жолмен шешу және қауіпсіздікті сақтау мәселелері қарастырылып келді. Түпкі мақсаты осы еді. Бұл ұйым мақсатына толық қол жеткізді. Одан әрмен қарай дамуы экономикалық, саяси қарым-қатынасқа қарай ауысып жатыр. Яғни, көп салалы ұйымға айналды. Біз осы ұйымның басты мақсатын түсініп, соны ұдайы естен шығармауымыз қажет. Әрекеттерімізді соған қарай жасауымыз шарт. Қытаймен шекаралық жанжал тудырмауға, бар мәселені бейбіт шешуге мүдделіміз. Өйткені, саяси жағынан бұл ұйым өзін толыққанды ақтады. Миссиясын орындады. Шанхай ынтымақтастық ұйымына экономикалық тұрғыдан басымдық беруге болады. Бірақ бұл ұйымға жаңа бағдар берудің басы артық деп ойлаймын. Ендігі міндет – осы уақытқа дейін жасалған уағдаластықтарды сақтау. Осыны дөп басып айтып жүру қажет. Бұл ұйымды территориялық тұтастығымыздың сақтап қалудың бір тетігі ретінде пайдаланған жөн. Ұйымның қағидаттары нақты жазылған. Онда шекаралардың бұзылмауы, территориялық тұтастық мәселелері айқын көрсетілген.

El.kz: Әлемдік саясатта поляризация байқалады. Қытай, Ресей, Иран және Солтүстік Корея үні бір жерден шыға бастады дегендей. Бұлар – көршілес жатқан елдер. Батыс елдері тым алыс. Осындай жағдайда бізде қандай таңдау бар?

Мұхит Асанбаев: Негізгі міндет – Қытай және Ресей секілді көршілес елдермен тепе-теңдікті сақтап қалу. Ресеймен шекарамыз 7 мың шақырымға созылады. Қытаймен шекарамыз да қысқа емес, 2 мыңға жуық. «Орталық Азия +» форматын күшейтіп, Орталық Азия елдері бір кісідей сөйлеуі тиіс. Қазақстанның артында 30 миллион халқы бар Өзбекстан тұрғанын сезіну керек. Екі жақты қарым-қатынас кезінде бейтарап саясаттың өзін өткізу оңайға соқпайды. Біз ең алдымен Орталық Азия елдерімін бірігіп, саяси бастамаларға қатыса аламыз. Сонда алпауыт елдерімен тиімді қарым- қатынас жүргізе аламыз.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға