Қазақстанның шағын жинақты мектептері үшін оқытудың жаңа моделі енгізіледі
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында ауыл мектептерін дамыту мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп пилоттық режимде «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы табысты іске асырылды.
Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты.
Қашықтықтан бақылау аясында мамандар ең жақсы тиімділікті көрсеткен білім беру моделін анықтады – «Тірек мектеп – шағын жинақты мектеп». Ол тірек мектептердің білім беру үдерісінің жоғары көрсеткіштері есебінен шағын оқу орындарында оқытудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздейді.
Оқу-ағарту министрлігінің басшылығы ұсынылған модельді еліміз бойынша кеңейтуді ұсынады. Ол үшін әкімдерге барлық ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, оқу орындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тірек мектептердің мұғалімдерін ынталандыру үшін қосымша төлемдер көздеу қажет.
Биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылуда. 2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы толығымен қамтылуы тиіс.