Жаңалықтар

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?
Фото: Федулин Александр Евгеньевич 01.08.2024 17:00 1161

Елімізде аумағы бойынша ел үлкен қорық – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан. Қорықта өсімдіктердің 443 түрі, сүтқоректілердің 45 түрі және құстардың 363 түрі кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына құстардың 42 түрі, Ал Халықаралық Қызыл кітапқа 39 түрі енгізілген. Олардың ішінде – қарапайым қоқиқаздар да бар.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қорғалжын қорғына барып, қоқиқаздарды көріп, олардың өмір-тіршілігімен танысып қайтты. 

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы Астанадан 1,5 сағаттық жерде орналасқан. Аумағы 543 мың 171 шақырымға дейін барады. Қорық 2008 жылы ЮНЕСКО-ның «Сарыарқа-Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, ЮНЕСКО қорықты Қазақстандағы алғашқы биосфералық резерват деп таныды.

Қорық 1968 жылы осы аймақтың бай флорасы мен фаунасын сақтау мақсатында құрылды. Қорық өз аумағында болып жатқан маңызды экологиялық және биологиялық процестерімен құнды. Бұл аймақтың экожүйесі ерекше және тек туризм үшін ғана емес, сонымен бірге зерттеу үшін де кең алаң болып табылады.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Сурет: Миражан Махан

Қорғалжын қорығындағы ерекше құстардың бірі – қоқиқаз. Бүгінде қорықта 8 мыңнан астам қоқиқаз мекендейді. Олар қорыққа наурыз айында ұшып келіп, қараша айында ұшып кетеді. Қыс басталмай көбінесе Оңтүстікке, Каспий теңізінің жағалауына немесе Ирак, Иран, Пәкістан елдеріне қоныс аударады.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Сурет: Федулин Александр Евгеньевич 

Қорғалжын қорығы визит орталығының меңгерушісі Ақбота Наурызбаеваның сөзінше, осыдан екі жыл бұрын олардың саны 5 мыңға жетер-жетпес ғана еді. Сонымен қатар былтырғымен салыстырғанда биыл ұя салушы құстардың түрі артқан. Мәселен, былтыр 120 құс болса, биыл 126 құсқа көбейген.

Көктемде қорыққа қайта ұшып келген қызғылт қоқиқаздар ұя салмайды. Олар тек жемтік үшін келеді. Ал қарапайым қоқиқаздар қорыққа әдетте ұя салу үшін, ұрпағын көбейту үшін келеді.  Қоқиқаздар әдетте жұмыртқаларын мамыр айында басады. Сосын қыркүйек айында ұясынан шығарады. 

Ежелде елімізде Тетис теңізі болған. Теңіз 1830 жылдары кеуіп, содан қазір Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі қалған. Бүгінде көлдерді жасанды жолмен ағынды өзендер толтырады. Олар негізінен тұщы және ащы көлдер болып бөлінеді. Қоқиқаздар көбінесе ащы көлдерге келеді, себебі онда олардың негізгі қорегі артемия салина шаяны мекендейді. Сондықтан да қорыққа жыл сайын көп құстың түрлері жиналады, - дейді Ақбота Наурызбаева.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Суреттер: Миражан Махан

Маманның айтуынша, күзде қоқиқаздар оңтүстікке сұр түсті болып ұшып кетеді. Ал көктемде қайтып келгенде қауырсындарының түсі сұрланып тұрады.

Қоқиқаздар 1-2 жұмыртқадан артық жұмыртқаламайды. Олар балапандарын жұмыртқадан шыққан соң 3-4 күннен кейін балабақшаға өткізеді. Ол уақытта балапандарға жас құстар қарайды. Балабақшада балапандар 2,5 айға дейін болып, ересек құстармен алыс жолға ұшуға, жемтігін табуға үйренеді. Ересек құстар балапандарын дауысын тану арқылы ажыратады. Бір балабақшада шамамен 5 мыңнан 10 мыңға дейін балапан болуы мүмкін. Олар туған кезде мойындары қысқа, тұмсықтары тік болады. Жалпы қоқиқаздар 5 жылға дейін бала болып саналады. Бес жылдан кейін ғана ересек өмірге өтеді, - дейді Наурызбаева. 

Қоқиқаздардың негізгі жауы – шағала. Олар көбінесе балапандарына шабуыл жасайды. Сондықтан шағалалар шабуыл жасамас үшін қоқиқаздар балапандарын бақылап отырады немесе жасырып кетеді.

Қоқиқаздар жабайы аймақта, батпақты жерде мекендегендіктен ол жерлерге аңдар да, басқа жануарлар да жете алмайды. Сондықтан қоқиқаздарға төнетін қауіп жоқ. Аймақтан ұшақтар да, дрондар да ұшырылмайды. Егер тік ұшақ ұшқан күннің өзінде белгілі бір қашықтықта ұшу керек.

Қорғалжын қорығы визит орталығының меңгерушісінің айтуынша, қорықта 5 пост бар. 90-нан астам маман жұмыс істейді. Инспекторлар кезекпен құстарды, жануарларды бақылап, қорғап отырады. Оларға қатысты деректі қағазға түсіріп, тіркейді. Барынша жануарлардың құстардың қасына жақындамай жұмыртқаларын арнайы лупамен анықтайды.

Халықаралық Қызыл кітап енгізілген құстар – қарапайым қоқиқаздар, қаңқылдақ аққу, бұйрабас бірқазан, ақ бас тырналар, сонымен бірге Батыс өлкемізде мекендейтін байбақ суыры, ақ бөкендерді және тағы басқаларын қорықтан кездестіруге болады.

Бүгінде қорыққа шет елдерден жыл сайын 5 мыңнан астам турист келеді. Олардың көбісі АҚШ, Германия, Қытай және Польшадан келіп тамашалайды.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының визит орталығынын аумақтың тарихын, бүгінгі ахуалын, жан-жануарлар мен құстарын, өсімдіктерінің түрлерін көруге болады.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Суреттер: Миражан Махан

Ересектерге – 400 теңге. Студенттерге – 300 теңге. Балаларға – 200 теңге. Мектепте дейінгі балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және зейнеткерлерге кіру тегін. Топпен және гидпен жүру құны – 13 730 теңге.

Бір топқа 10 адамға дейін кіреді. Туристер өз көлігімен келеді. Біз қорыққа жеткізуге, жол көрсетуге көмектесеміз. Келушілер сенбі-жексенбі күндері қабылданады. Күніне екі рет шығуға ғана мүмкіндік бар. Өйткені үшінші группа барған кезде құстар болмайды, - дейді Ақбота Наурызбаева.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар қалай қорғалады?

Сурет: Миражан Махан

Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына арналған пресс-турды «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Жастардың қоршаған әлемге экологиялық және этикалық жауапты қарым-қатынасын дамыту» орталығы ұйымдастырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға