Жаңалықтар

Қазақстанның облыс орталықтарындағы қоғамдық көлікпен жүру бағасы қандай?

Қазақстанның облыс орталықтарындағы қоғамдық көлікпен жүру бағасы қандай?
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 29.08.2023 17:45 10901

11 жыл бойы өзгермеген Алматыдағы қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге өсті. Астанада да бағаның қымбаттауы мүмкін екені айтылады. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігі еліміздің облыс орталықтарындағы автобустардың бағасын анықтап көрді. 

Астана

Елордада бірнеше жылдан бері баға 90 теңге болып тұр. Энергетика министрлігінің экс кеңесшісі, мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Астанада бағаны 350 теңгеге көтеру керек деп жүр. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Бірақ биыл болмаса да, келесі жылы баға қымбаттауы әбден мүмкін.

Алматы

Алатау баурайында 11 жыл бойы тариф 80 теңге болып келген. Қолма-қол төлсең 150 теңге еді. Ал қазір 100, қолма-қол 200 теңге дейін өсті.

Биылғы өсім тағы да тасымалдаушылардың шығынын жоймайды. 2017 жылдан бері Алматы бюджеті тасымалдаушыларға берілетін субсидияны 2022 жылы 6,9 миллиард теңгеден 50 миллиард теңгеге дейін арттырды. 2023 жылы сома 86 миллиардқа дейін өседі, - дейді Олжас Байділдинов.

Шымкент

Үшінші мегаполите  төлем картасымен 70, қолма-қол 100 теңге.

Қарағанды

Астананың іргесіндеғы Қарағанды қаласында қоғамдық көлікте жүру бағасы ONAY картасымен 80 теңге. Зейнеткерлерге – 50 теңге, жеті жастан 15 жасқа дейінгі балаларға – 40 теңге, қолма-қол төленген жағдайда – 150 теңге белгіленген.

Түркістан

Бес жыл бұрын құрылған облыстың орталығында қоғамдық көлікте жүру бағасы 70 теңге. Оқушыларға 35 теңге. Бұрын Түркістанда 50 теңге болған.

Қызылорда

Қызылордада қоғамдық көлік бағасы 85 теңге, балаларға 40  теңге. Егер қолма-қол төлесең 130 теңге.

Петропавл

Жақында Петропавлда қоғамдық автобуспен жол жүру ақысы тариф карточкамен есеп айырысқан жағдайда 100 теңге, қолма-қол ақшамен 170 теңге болды.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, бүгін қалалық мәслихат депутаттары кезектен тыс өткен 7-ші сессияда қоғамдық көлікте жол жүрудің жаңа тарифтерін бекіткен.

Тарифті көтеру жөніндегі жұмыс былтыр қараша айынан бастап қолға алынды. Петропавлда соңғы рет 2017 жылы қоғамдық көліктің билеті қымбаттады, содан бері 6,5 жыл өткен екен. 

Тараз

Жамбыл облысының орталығы Таразда билет бағасы 2021 жылы 20 теңгеге қымбаттады. Оған дейін тұрғындар бұл қызмет үшін 65 теңге төлеп келсе, 2021 баға 85 теңгеге бір-ақ барған.

Қостанай

Қостанайда тариф 2023 жылдың 1 қаңтарынан қымбаттады. Қазіргі кезде төлем картасы арқылы 100 теңге, қолма-қол 170 теңге төлейсіз. Бір қызығы, Қостанай қаласындағы қоғамдық көліктің 75 пайызы ескі. Соның салдарынан қызмет көрсету сапасы да талапқа сай келмейді. Ескі автобустардың іші жазда ыстық, қыста суық. 

Ақтөбе

Ақтөбеде қоғамдық көлік бағасы 2021 жылы төлем картасы арқылы 80 теңге деп белгіленген.Егер төлем картасы болмаған жағдайда қолма-қол 150 теңге төленуге тиіс. Бұл қалада да бағаны өсіруге ниеттілер бар. Тіпті, 200 теңге болсын деген ақпарат тараған.

Атырау

Атырауда 2015 жылы тариф 50 теңгеден 80 теңгеге көтерілген болатын. Бұл төлем картасы арқылы төлейтіндерге арналған. Ал қолма-қол 150 теңге. Зейнеткерлерге - 40 теңге, ал оқушылар сабақ күндері тегін жүреді.

Ақтау

Ақтау қаласында да «дифференцияланған тариф» енгізілген. Яғни, жол жүру картасымен төлейтіндерден 70 теңгеден алынады.

Орал

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы жағдай да көбісіне ұқсас. Атап айтсақ, төлем картасы арқылы 80 теңге, қолма-қол 150 теңге. Балаларға 40 теңге.

Семей

Жаңадан құрылған Абай облысының орталығы Семейде төлем картасы арқылы 80 теңге, қолма-қол 140 теңге.

Өскемен

Өскемен – өңірдегі қалалар арасында ең қымбат тариф бекіткен. Төлем карталары арқылы 90 теңге, қолма-қол 130 теңге.

Павлодар

Павлодарда  былтыр 1 желтоқсаннан бастап, қоғамдық көлікте сараланған тариф іске қосылған. Жол ақысын көлік картасымен, Avtobys тегін қосымшасындағы  QR-кодын сканерлеу немесе Kaspi QR арқылы төлеуге болады. 

Павлодарда жол жүру бағасы – төлем карталары арқылы 80 теңге, қолма-қол 130 теңге.

Талдықорған

Талдықорғанда төлем картасы арқылы 80 теңге, қолма-қол 120 теңге.

Қонаев

Алматы облысының жаңа орталығы бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласында қоғамдық көліктің құны 70 теңге. Мектеп оқушыларына 40 теңгені құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға