Жаңалықтар

Қазақстанның ІТ саласы көп елдермен салыстырғанда жоғары дәрежеде – Лаура Тлепина

Қазақстанның ІТ саласы көп елдермен салыстырғанда жоғары дәрежеде – Лаура Тлепина
Фото: Жеке мұрағаттан 17.07.2024 18:38 1197

Жыл басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылатынын мәлімдеді. Бұл елдегі ІТ саласын дамытып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын және кибер қауіпсіздіктің күшейетінін жеткізді. Бүгінде Қазақстанның ІТ саласындағы қарқыны жаман емес. Бұны мамандардың өзі мойындап отыр. Еліміздің әлемдік аренадағы мүмкіндіктері басқа да салалардың дамуына жағдай жасайды. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі бұл тақырып төңірегінде Target Information Security компаниясының негізін қалаушы, жетекшісі, ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепинамен сұхбат жүргізді.   

El.kz: Жалпы соңғы кездері Қазақстанның цифрлы жүйесі қарқын алып келе жатқаны байқалады. Цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев еліміз интернет сапасы бойынша Токионы да басып озғанын бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген еді. Дегенмен бұл деректерге сенбейтіндер де баршылық. Маман ретінде Қазақстандағы интернет сапасына қандай баға берер едіңіз?

Лаура Тлепина: Қазақстанда интернеттің сапасы бірте-бірте жақсарып келеді. Қазір бізде «лоббизм» деген нәрсе бар. Бұл қандай мәселе екеніне тоқталсақ, Астана қаласының өзінде тұрғындар қалаған операторды таңдай алмайды. Мысалы, Экспоның маңындағы тұрғын үй кешендерінде тек  «Қазақтелеком» антеннасы орнатылған. Демек, одан басқа Beeline, Altel, Tele2-ны пайдалана алмайсың дегенді білдіреді. Осыдан 2 жыл бұрын министрлікке хабарласқанда бұл мәселе қарастырылып жатыр деген болатын.

Өз басымнан өткен жағдайды айтсам, бір үйден екінші үйге көшкен кезде өзім тіркелген Beeline модемімді алып кеттім, бірақ мен көшкен тұрғын үйде антенна болған жоқ. Сондықтан басқа операторға өту үшін қайта құжат дайындап, тіркелу керек болды. Дегенмен тұтынушы ретінде маған Beeline  операторының интернет және қызмет көрсету сапасы ұнайды.  

Шетелге шыққан кезде басқа өңірдің ІТ сервистеріне қатты мән беремін. Осылайша, Қазақстанның ІТ салада қаншалықта алда екенін, қандай қосымшалары бар және қаншалықты мүмкіндік жасалғанын бақылап отырамын.  Мысалы, Қазақстан мен Тайландты салыстырған кезде Тайландтың интернет сапасы әлдеқайда жоғары. Себебі, іздеу қосымшасына жазған кезде қалаған ақпаратын 1 секунд күтпестен алдына шыға келеді. Сол кезде еліміздегі интернетті жақсартуға әлі де күш салу керек екенін түсінеміз.

El.kz: Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақстандықтардың жеке деректері шетелдік сайттарда, әлеуметтік желілерде тарап кетті деген жаңалықты жиі естиміз. Жалпы соңғы кездері не себепті бұндай жағдай жиі қайталанып кетті деп ойлайсыз? Оған Қазақстан неліктен тұсау сала алмай отыр?

Лаура Тлепина:  Негізі мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатыр. Тіпті қоғамда «черный рынок» деген сөз бар, яғни жеке деректерді өзгеге сату. Жеке деректердің сыртқа тарап кетуі ол адамдардың жауапкершілігіне де байланысты. Азаматтар өзі жайлы дерек берген кезде олар қандай нәрсеге бастарын тігіп жатқанын білуі, танысуы керек, сертификаттары бар ма, жоқ па барлығын анықтап алғаны жөн.

Осыдан 4-5 жыл бұрын Damumed ресурсындағы қаншама науқастың деректері тарап кеткен. Ол тізімде лауазымды адамдардың жеке басына, денсаулығына қатысты құпия дерек те болуы мүмкін еді. Сәйкесінше, ол адамның басына қауіп тудырады. Репутациясы жоғары адам болса, жеке дерегі желіде сатылып кетуі де мүмкін. Сондықтан адамдар сауаттылығын арттырып, жеке деректерін түсініксіз қосымшаларға енгізбегені, таратпағаны абзал.

El.kz: Елімізде ІТ, цифрландыру саласы дамып жатыр, тіпті өзге елдерді басып озуда дегенімізбен кем-кетік тұстары бары жасырын емес. Солардың біріне тоқталсақ, бұл сала қанша дамығанымен Қазақстанның inDriver,  Яндекс сияқты отандық қосымшалары жоқ. Бар болған күннің өзінде оларды неге ешкім қолданбай келеді? Жалпы Қазақстан такси қызметі саласында неге қауқарсыз болып отыр? Не кедергі?

Лаура Тлепина: Шыны керек, Қазақстанның ІТ саласы басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары дәрежеде. ІТ саласында Қазақстанның 600-ден астам отандық өнімдері бар. Біз қызмет керсету саласында өзімізді отандық қосымшалармен толық қамтып отырмыз. Алдағы уақытта транспорт саласында жаңа қосымшалар жасап шығаруға да мүмкіндігіміз бар. Білуімше, елімізде «Қазақ такси» қосымшасы пайда болған еді. Дегенмен оның не бесепті іске аспағанын, дамымай қалғанын білмеймін.

El.kz:  Бүгінде суперкомпьютер жүйесі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр деуге болады? 

Лаура Тлепина: Суперкомпьютер – ІТ саласындағы керекті жүйелердің бірі және бастамасы болды. Елімізде бұл жүйенің даму қарқыны 2017 жылдан басталды. Ол жылдан жылға өсе келе бәсекелестікке қабілетті жүйеге айналды. Қазіргі таңда біз жасанды интеллектке өткеннен кейін ол жақтағы үлкен деректерге арналған компьютерлер керек екенін түсіндік. Яғни суперкомпьютердің видео картасы, жылдам жадысы, дискі, қабылдауы мықты болуы керек.  Себебі деректерді өңдеу үшін жоғары қуатты компьютерлердің болуы маңызды. Егер суперкомпьютер болмаса Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуы қиын болады.

El.kz: Алдағы уақытта Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылады. Бұл туралы ойыңыз қандай?

Лаура Тлепина: Жасанды интеллект орталығын құру бойынша Цифрлық даму министрлігінде Жасанды интеллекттің экосистемасын дамыту жөніндегі комитет құрылды. Бұл үлкен сала. Коммерциалық ұйымдар, ІТ компаниялар комитеттің көмегіне жүгініп, жасанды интеллектті көп жерде пайдалануға септігін тигізеді деген үміттемін. Сол кезде біз орталықтың қаншалықты тиімді екеніне көз жеткіземіз. Бұған дейін елімізде Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы, Зерде орталықтары құрылған болатын. Дегенмен уақыт өте келе бұл орталықтардың пайдасынан гөрі шығыны көп болған соң жауып тастады. Осындай жағдайлармен салыстыра келе бізге жасанды интеллект орталығы қаншалықты керек екенін анықтауға болады.

El.kz: Елімізде ІТ мамандарына қаншалықты сұраныс жоғары? Олардың жалақысы көңіл көншіте ме?

Лаура Тлепина: Елімізде ІТ мамандарына сұраныс жоғары. Пандемия кезінде ІТ саласына бет бұрған адамдар көп болды. Жалпы Қазақстанның цифрлық саладағы қауқары көңіл көншітеді. Жалақысы басқа мамандармен салыстырғанда жоғары. Дегенмен еліміздің білікті мамандары шет елге жұмысқа кетіп жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын техникалық жазушы болып жұмыс істеген кезімде 300 мың теңге жалақы алатынмын. Сол кезде маған Араб Эмиратынан шетелдік компания хабарласып, 10 мың доллар төлейтінін айтып жұмысқа шақырды. Ол теңгенің курсымен есептегенде 4 млн теңге болды. Әрине, мұндай мүмкіндіктен ешкім бастартпас еді. Мен үшін салыстырмалы түрде жақсы кейс болды. Бұл Қазақстанда ІТ мамандарды қаншалықты жақсы бағалайтынын көрсетті.  Назарбаев университетінде шетелден келген мамандардың жалақысы өзіміздің мамандардан жоғары екені бірнеше рет көтерілген еді. Дегенмен қазақстандық мамандардың біліктілігі мен білімі ешкімнен қалыс қалмайды. Елімізде шетелдік мамандарға көбірек жағдай жасалатындықтан, біздің мамандар көлеңкеде қалып қойып жатыр. ІТ саласы бойынша Қазақстанда білім алған адам мен шет елде білім алып келген адамның біліктілігінде еш артықшылығы жоқ.

El.kz: Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға