Жаңалықтар

Қазақстанның iшкi су жолдарында жүк кемелері жүре бастады

Қазақстанның iшкi су жолдарында жүк кемелері жүре бастады
Фото: © Pixabay.com 16.05.2024 08:34 799

Қазақстанның iшкi су жолдарында жүк кемелері жүре бастады. Бұл шешім гидрометеорологиялық жағдайға және ел аумағындағы суқоймалардың мұздан толықтай тазартылуына байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы ретте Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетіне қарасты «Қазақстан су жолдары» РМҚК жүк кемелерінің қозғалысы басталатыны туралы мәлімдейді.

Осылайша, жоғарғы Ертіс су бассейнінде кемелер 1 мамырдан бастап жүре бастаса, Семей филиалында 25 сәуірден бастап, Павлодар филиалында 23 сәуірден, Орал-Каспий су бассейнінде 1 сәуірден, Іле-Балқаш су бассейнінде 1 сәуірден және «Гидротехникалық құрылыстар» филиалында 5 мамырдан бастап қозғалыс басталып кетті.

Өз кезегінде «Қазақстан су жолдары» РМҚК отандық кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізді. Атап айтқанда, 1855 қалқымалы және 771 жағалаудағы навигациялық белгі орнатылды.

Еліміздегі жалпы пайдаланудағы су жолдарының ұзындығы 2104 шақырымды құрайды. Қазақстан бойынша барлығы 795 өзен көлігі және 19 мың шағын көлемді кеме тіркелген.

Айта кетерлігі, су объектілеріндегі навигациялық кезең – бұл гидрологиялық жағдайларды ескере келе, су жолдарының мұздан толық тазартылуы әрі суқоймаларды қозғалыс үшін пайдалануға болатын уақыт аралығы. Су көлігіндегі навигациялық кезең табиғи-климаттық жағдайларға және су жолдарының гидрологиялық режимімен тығыз байланысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға