Жаңалықтар

Қазақстанның экономикалық саясаты туралы зерттеулерге үлес қосқым келеді - жас маман

Қазақстанның экономикалық саясаты туралы зерттеулерге үлес қосқым келеді - жас маман
Фото: жеке мұрағат 26.11.2024 12:10 648

Ернұр Әбенов – экономика және мемлекеттік саясат саласындағы үздік білім алған, халықаралық деңгейдегі тәжірибе жинақтаған маман. Назарбаев Университетінде бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған Ернұр Сингапур мен Оңтүстік Кореядағы беделді білім беру мекемелерінде оқып, қазір Қазақстан Ұлттық Банкінде бас маман-талдаушы ретінде еліміздің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға өз үлесін қосып жүр.

El.kz: Ернұр, ең алдымен өзіңіз туып-өскен мекен мен мектебіңіз туралы айтып берсеңіз...

Ернұр Абенов: Мен Павлодар облысы, Май ауданының орталығы – Көктөбе ауылында (бұрынғы атауы – Белогорье) тұрдым және оқыдым. Көктөбе Павлодар қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда екі мектеп болды: қазақ және орыс мектептері. Мен алтыншы сыныпты аяқтағанға дейін қазақ жалпы білім беретін мектебінде оқыдым.

4000-ға жуық тұрғыны бар ауылда көп адам бірін-бірі жақсы танитын. Мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде (ДЮСШ) футбол секциясына қатыстым. Сабақтан кейін үй тапсырмасын тезірек орындап, сағат 15:00-де басталатын жаттығуға кететінмін. Ауылдағы мектептегі күндерім осылай өтетін. 

2019 жылы Назарбаев Университетінде «Экономика» мамандығы бойынша бакалавриат бағдарламасын (Bachelor of Arts in Economics) тәмамдадым, ал 2023 жылы «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша магистратураны (Master of Arts in Public Policy) үздік аяқтадым.

Магистратура кезінде маған Сингапур Ұлттық Университетінің Lee Kuan Yew Мемлекеттік саясат мектебінде жазғы мектепке қатысу және Оңтүстік Кореяның Седжон қаласындағы KDI Мемлекеттік саясат және басқару мектебінде бір семестрлік академиялық алмасу бағдарламасынан өту мүмкіндігі бұйырды. Қазіргі уақытта мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде бас маман-талдаушы лауазымында жұмыс істеймін.

El.kz: Ауыл мектебінде оқып жүріп, дарынды балалар оқитын лицейге түсу қаншалықты қиынға соқты?

Ернұр Абенов: Қазақ-түрік лицейіне (ҚТЛ) түсу туралы ұсынысты маған ағам жасады. Ол менен ҚТЛ-да оқығың келе ме деп сұрады. Мен «көрейік» деп жауап бердім. Ол маған дайындыққа арналған тест кітапшаларын сатып әперді, мен өз бетімше дайындала бастадым. Дайындық аяқталған соң, қалаға барып, лицейде қабылдау емтиханын тапсырып, іріктеуден өттім. Екінші кезең лицейде бес күн бойы оқу және тест тапсыру түрінде өтті.

Лицейде оқу басында маған қиынға соқты. Ағылшын тіліндегі деңгейім өте төмен болды. Ал ҚТЛ-да алғашқы алты ай бойы ағылшын және түрік тілдерін үйренуге ерекше көңіл бөлінді. Егер қателеспесем, біз аптасына 16-18 сағат ағылшын және 16-18 сағат түрік тілін оқыдық. Үй тапсырмалары көп уақыт алатын, кейде кештің бәрі соған кететін, ал кейде таңғы сағат 5-те тұрып, аяқтап үлгеру керек болатын. Сол кезде мен сияқты көп қатарластарым да осындай қиындықтарға тап болды. Академиялық жүктеме ауыл мектебіндегіден әлдеқайда жоғары еді.

Үйді сағыну да үлкен сынақ болды: мен жиі сенбі күні ауылға барып, жексенбі күні лицейге қайтып келетінмін. Үйден лицейге қайта кету қиын болғанын көрген ата-анам мен ағам маған ауылдағы ескі мектебіме қайтқың келе ме деп сұрады. Бірақ мен лицейде қалуға шешім қабылдадым. Уақыт өте келе үйреніп, үйге деген сағынышым бәсеңдей бастады.

El.kz: Еліміздің беделді оқу орнында оқу болашағыңызға қандай ықпалын тигізді? Студенттік жылдарыңызда қандай да бір жобаларға ат салыстыңыз ба?

Ернұр Абенов: Назарбаев Университетінде оқу мен үшін болашаққа есік ашты. Менің ойымша, Назарбаев Университетіндегі білім көптеген шетелдік университеттердің деңгейінен кем түспейді және ары қарай дамуға мықты негіз береді. Университет маған дамуға, жаңа білім алуға деген ұмтылысты үйретті. Жан-жағыңдағы адамдардың үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын көргенде, өзіңе де сондай жетістіктерге жетуге ынта пайда болады.

Оқу барысында мен «Alumni Reunion» іс-шарасын ұйымдастырушылардың бірі болдым. Сол кезде біз университет қабырғасында шамамен 300 түлекті жинадық. Сонымен қатар, университет тек академиялық дағдыларды ғана емес, шығармашылық қабілеттерді де дамытуға мүмкіндік берді. Оқу кезінде мен университеттің “NU K-pop Cover Dance Club” студенттік клубының белсенді қатысушысы болдым және 500-ден астам көрерменнің алдында ірі концерттерде өнер көрсеттім.

Университеттің бай студенттік өмірінің арқасында достар мен пікірлес адамдарды табу оңай болды. Достарымның арасында ауылдық жерлерден келген студенттер де болды. Олар да университеттің студенттік өміріне белсенді араласып, түрлі клубтарға қатысып, білім алуда зор ынтамен еңбек етті.

El.kz: Қазіргі таңда Ұлттық банкте қызмет атқарасыз. Еңбек жолыңыз қалай басталды? Қандай кедергілерге тап болыңыз?

Ернұр Абенов: Бакалавриатты аяқтағаннан кейін мен жеке компанияда жұмыс істеуді шештім. Алайда бұл жұмыс мені қажетті деңгейде дамыта алмады. Осыдан кейін мен Назарбаев Университетінде Мемлекеттік саясат бағдарламасы бойынша магистратураға түсуге шешім қабылдадым. Бұл оқу орнында мен экономикалық және әлеуметтік стратегияларды талдау мен әзірлеу саласында құнды білім алдым.

Университетті бітіргеннен кейін мен мансабымды консалтинг саласында бастадым. Бұл салада жұмыс істей отырып, бизнестің қаржылық және стратегиялық аспектілерін терең түсініп, әртүрлі жобалар мен клиенттермен жұмыс істей жүріп, құнды тәжірибе жинадым. Консалтингте маған жаңа міндеттерге тез бейімделіп, әр салаға терең үңілу қажет болды, бұл менің кәсіби өсуімдегі маңызды кезеңге айналды.

Осы тәжірибенің арқасында мен мансабымды жаңа деңгейге көтеруге дайын болдым және қазір Қазақстан Ұлттық банкінің командасына қосылып, еліміздің экономикалық және қаржылық бастамалары бойынша жұмыс істеп жатырмын.

El.kz: Алдағы уақытта мансабыңызда қандай жоспарларды жүзеге асырғыңыз келеді?

Ернұр Абенов: Жақын арада мен макроэкономикалық және қаржылық саясатты тереңірек зерттеуге, сондай-ақ Ұлттық банктегі тәжірибелік жұмысқа баса назар аударуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, мені әлеуметтік саясат пен экономикалық әл-ауқат саласындағы зерттеулер қызықтырады, өйткені қаржылық шешімдердің халықтың әртүрлі топтарына қалай әсер ететінін түсіну маңызды деп санаймын.

Уақыт өте келе, әлеуметтік әділеттілікті арттыруға және тұрақты дамуға бағытталған жобаларға қатысқым келеді. Сонымен қатар, Қазақстан үшін теңгерімді экономикалық саясатты қалыптастыруға көмектесетін зерттеулерге үлес қосуды да мақсат етемін. Болашақта PhD бағдарламасын жалғастыру мүмкіндігін де қарастыруым мүмкін.

El.kz: Ауыл мектептерінде оқитын оқушыларға қандай кеңес айтар едіңіз?

Ернұр Абенов: Ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларына Назарбаев Университетіне (НУ) түсу үшін ең алдымен күмәндануды қойып, өздеріне сенуді ұсынар едім. Өз қабілеттеріне деген сенімнің жоқтығынан ауылдық мектептердің дарынды оқушылары НУ-ға түсу жайлы армандамай да кетуі мүмкін. Мен өз ауылымда оқыған кезімде, Қазақстанның ең үздік университеттерінің бірінде оқуға мүмкіндік болады деп ешқашан ойламаппын. НУ-дағы білімімнің арқасында Сингапур, Оңтүстік Корея және Нидерланды сияқты елдерде оқуға мүмкіндік алғаныма әлі күнге дейін таңғаламын.

Сондай-ақ, қабылдау емтихандарына жақсы дайындалу өте маңызды. Емтихан құрылымын түсініп, олардың нені және қалай бағалайтынын білу керек. Әрине, мақсатыңа жету үшін қажырлы еңбек етуді ұмытпау қажет. Мектептегі мұғаліміміз үнемі: “Çalışan kazanır” (түрік тілінен аударғанда, "еңбек еткен адам жетістікке жетеді") деп айтатын. Сіздің тынымсыз еңбегіңіз ешқашан босқа кетпейді және оның жемісін міндетті түрде көресіз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға