Жаңалықтар

Қазақстанға Ресейден көшіп келушілер көбейген

Қазақстанға Ресейден көшіп келушілер көбейген
Фото: © Pixabay.com 22.08.2023 10:00 3953

2022 жылы Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған адамдардың саны 17,4 мың адамды құраса, шетелге 24,1 мың адам көшіп кеткен. 2018 жылмен салыстырсақ, көрсеткіштер айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Сол кезде шетелден 12,7 мың адам келсе, сыртқа 41,8 мың адам кеткен. Осы ретте көші-қон сальдосы -29,1 мың адамнан -6,7 мыңға дейін азайған, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ал 2023 жылғы қаңтар-маусымда былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда елде тұруға ықтиярхат алғандар саны 13 652 адамды құрап, Қазақстанға келгендердің саны 87,3%-ға өсті. Бірінші жартыжылдықта елден кеткендер саны 6 996 адам болса, өткен жылдың алты айымен салыстырғанда ол 56,7% азайған. Нәтижесінде көші-қон сальдосы оң нәтиже көрсетті – 6 656 адам.

Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттері арасында болған. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 89,1% болса, осы елдерге кеткендердің үлесі 75,4% құрады.

ТМД елдерінен тұрақты тұруға көшкен 12,1 мың адамның ішінде Ресейден 6858 адам келген. Екінші орында Өзбекстан (3200), үшінші орында Түрікменстан (671). Ал кеткендердің көпшілігі Ресейге барғандар (4981).

Биыл басқа елдерден 1,4 мың адам келсе, 1,7 мың адам шетелге кеткен. Мұнда негізінен Моңғолиядан (275), Қытайдан (265) және Түркиядан (163) көшіп келгендер.

Ұлттар бөлінісінде, қаңтар-маусым айларында елімізге қазақтар (4706) ең көп қоныс аударған, одан кейін орыстар (4622), өзбектер (593), қарақалпақтар (498) және украиндар (452).

Ал сыртқа көшіп кеткен ұлттардың ішінде ең көбі орыстар (4249), немістер (924), қазақтар (516), украиндар (456) және татарлар (168).

Еске салайық, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны – 19 899 377 адам.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға