Қазақстанға ең көп турист қай елдерден келеді

Былтыр Қазақстанға туристік мақсатпен 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Оның ішінде 10,4 млн адам елде бір күннен көп уақытқа қалып, шетелдік туристер санатына еніп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде аялдауының орташа мерзімі 4 күнді құраған. ТМД елдерін есепке алмағанда, Қазақстанға ең көп турист келген елдердің тізімі төмендегідей болып отыр.
2024 жылы Қазақстанға 655 мың Қытай азаматы келген. Екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуі мен әуе қатынасының ұлғаюы туристер санының айтарлықтай артуына ықпал етті.
Өткен жылы 146 мың үндістандық турист келген. Елдер арасындағы тікелей әуе рейстері, визалық режимнің жеңілдеуі және туристік бағыттардың дамуы Үндістан азаматтарының елімізге деген қызығушылығын арттырып отыр.
Қазақстанға 130 мың түрік азаматы саяхаттаған. Бұған тұрақты әуе қатынасы мен мәдени-іскерлік байланыстардың нығаюы әсер етуде. 2024 жылы елімізге 92 мың германиялық турист келген. Олар Қазақстанның этнотуризм, табиғи және мәдени нысандарына ерекше қызығушылық танытуда.
Былтыр Оңтүстік Кореядан Қазақстанға 40 мыңға жуық турист келген. Таңғы шық елінен келетін туристер ағыны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Бұған екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің қолжетімдігі, визалық режимнің жеңілдеуі, сондай-ақ Қазақстанның табиғатына, ұлттық тағамдары мен мәдени мұрасына деген қызығушылықтың артуы оң әсерін тигізіп отырғаны белгілі болды.
