Қазақстандықтарға жаңа бизнес-идеялар үшін 9 мыңға жуық грант берілді
2024 жылдың басынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 8 941 грант, оның ішінде ауыл тұрғындарына 5 769 грант берілді. 2024 жылы жалпы 9 000 грант беру жоспарланған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылы мал шаруашылығына – 2 331, өсімдік шаруашылығына – 101, құрал-сайман, еңбек құралдарын сатып алуға – 2 425, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 3 941, орын жайды жалға алуға – 143 қайтарымсыз гранттар берілді.
Алушылардың санаттары бөлінісінде көпбалалы отбасылардың мүшелеріне – 5 646, мүгедектігі бар адамдарға – 1 446, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 1 045, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 253, асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға – 365, қоныс аударушыларға – 151 және қандастарға – 35 грант берілді.
Биыл гранттар алуға өтініштерді қабылдау 2 лек бойынша өткізілді. Үміткерлерден барлығы 30 мыңнан астам өтініш, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 19,4 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 4,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 3,5 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 758 өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған адамдар қатарынан 1,1 мың адам, 289 қоныс аударушы және 169 қандас өтініш берді.
Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (5,4 мың), Қызылорда (3,3 мың), Жамбыл (3 мың) облыстары мен Шымкент қаласының (2,4 мың), ал ең аз саны Ұлытау (221) және Қостанай (490) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.
Естеріңізге сала кетейік, гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Бұл ретте, комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Комиссияның шешімі туралы ақпарат үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.
Келесі жылы да 9 мың грант беру көзделген.