Жаңалықтар

Қазақстандықтардың табысы тамағына ғана жетеді

Қазақстандықтардың табысы тамағына ғана жетеді
Фото: facebook.com/maxat.halyk 13.04.2023 14:10 1420

Ұлттық идеология мен ел экономикасына қатысты экономист Мақсат Халықпен сұхбат.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға күш керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» - деген екен. Ал Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында не істеуіміз керек?

Алаш арыстарының идеясы бүкіл қазақ қоғамын біріктіретін ортақ идея еді. Олар бүкіл тарихты синтездеп, ішіндегі ең керектісін ғана алған. Әлихан Бөкейханның өмір жолымен таныса отырып, олардың қолында жапонның «Мэйдзи» деген ұлттық жоспары болғанын оқыдым. Ол Жапония мемлекетін ауылшаруашылық елінен өнеркәсібі дамыған елдердің қатарына небәрі 21 жылда қосып жіберген жоспар. Әлихан Бөкейхан сол жоспарды басшылыққа алып, 25 жылдың ішінде қазақ қоғамын тұтастай өнеркәсібі дамыған елдердің қатарына қосамыз деген нақты бағдарламасы болған.

Алаш үкіметінің ғұмыры бес-ақ жыл болды. Сол аз уақыттың өзінде өте көп жұмыс атқарып, еліміздің біліктілігін арттырып, ағартушылыққа бағыттап, елімізді жаңа бір деңгейге көтеріп кетті. Егер олар 25 жылдай билікте отырғанда, Қазақстан мүлдем басқа деңгейдегі, өзге сипаттағы экономикалық үлгісі бар ел болатын еді.

Енді Жаңа Қазақстан құруға ұмтылып жатқан бізге де тура осындай ұлттық жоспар керек. Сыртқы бейнесі шикізаттық ел, мұнай мен газға ғана тәуелді ел деп емес, нақты бір өнеркәсіп саласына бағытталған, өзіндік ерекшелігі бар, IQ өте жоғары, технологиялық ел деп танитындай бағыттағы әрекеттер керек.

Әрине, бұл жерде біз алдымен өзіміздің өндірістік мүмкіндімізге қарауымыз керек. Бізде не бар, қолымыздан не келеді, қандай өндіріс түрін өндіре аламыз дегендей. Соның барлығын зерттеп алуымыз керек. Өйткені өндірістік мүмкіндіктер қисығы деген ұғым бар. Егерде біздің елге қосымша инвестиция, жаңа кадрлар келмесе, заманауи технологиялар тартылмаса біз ол қисықтың сыртына ешқашан шыға алмаймыз. Өндірістік күштерімізді одан ары арттырып, экономикамыздың жаңа сипатын құра алмаймыз.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізге 370 млрд доллардан астам қаржы тартылған екен. Соның 90%-ға жуығы негізінен шикізаттық секторға бағытталған. Сондықтан бүгінгі экономикамыздың бейнесі шикізаттық сипат болып тұр.

Енді өнеркәсіптің, экономиканың нақты саласына инвестиция тартуды жоспарлап, соған сай нақты істер жүргізілсе деймін.

Яғни, бізге ұлттық экономиканың нақты бағдарламасын әзірлену керек дейсіз ғой.

– Дәл солай. Жапондардың "Мэйдзи" жоспары сияқты болмаса да, әлемдегі тәжірибелерді саралап, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерді толық ескере отырып жаңа бағдарлама әзірлеу керек.

Және ол «Қазақ қоғамы – бай-қуатты болуға міндетті» деген идеяға негізделу керек. Сондай стратегиялық идеяға қазіргі қоғам сусап отыр, тіпті өте зәру деп айтуға болады.

Алаш қайраткерлерінің қатарында болған экономистерді атай аласыз ба? Олар нақты қандай зерттеулер жүргізді екен?

Алаш арыстарын жан-жақты зерттеп жүрсем де Әлихан Бөкейханнан басқа экономист мамандығын бітірген алаштықтарды байқамадым. Бәлкім бар шығар.  Бірақ экономикаға жанама түрде болса да көп үлес қосқан тұлға ретінде Мұхамеджан Тынышбаевты айтуға болады. Ол кісі темір жол саласын дамыта отырып, еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына үлес қосқан қайраткер.

Одан кейін терминологияны жасап шыққан Қошке Кемеңгерұлы бар. Ол қазақ тіліндегі экономикалық сөздікті жан-жақты толықтырған ең алғашқы маман. Қошке Кемеңгерұлының «Мемлекеттің кез келген өзге мемлекетпен терезесі тең болуы үшін, бірініші кезекте ол елдің өндірісі дамуы керек, одан кейін ғылымы, содан кейін мәдениеті дамыса, сол кезде ғана өзге мемлекеттермен терезесі тең болады» деген сөзі бар. Сондықтан да өндірістің дамуы экономикалық тұрғыда ілгерілеудің басты факторы екендігін алаштықтар білген.

Неге қазір дәл сондай ұлттық идеология жоқ. Бұл қазақтілді экономистер мен қаржыгерлердің аздығынан емес пе?

– Шындығында бізде қазақтілді экономистер мен қаржыгерлер әлі күнге дейін аз. Солардың санын көбейтуге өзім де атсалысып жүрмін. Арнайы оқытып дайындаған 12 сарапшым бар. Оларға қарап өзге де сарапшылар қызығушылық танытып жатыр. Сондықтан, алдағы бір-екі жылдың ішінде бұл салада айтарлықтай өзгерістер болады деп ойлаймын.          

– Экономист ретінде қазіргі экономикалық ахуалымызға қандай баға беруге болады?

– Егер экономикалық, макро-экономикалық көрсеткіштерді қарасақ, жалпы ішкі өнімнің өсімі жаман емес, 4% деңгейінде өсім болды. Осы жылдың басынан бері қарай қарайтын болсақ бұл қалыпты жағдай. Бірақ мен бір нәрсені ұқтым, бізде жалпы ішкі өнім өз алдына жүреді де, халықтың әл-ауқаты, экономикалық жағдай мүлдем басқа сипатта. Сонда елімізде болып жатқан қымбатшылық халықтың өмір сүру сапасын мүлдем түсіріп жіберген. Төлем қабілеттіліктері өте нашарлап кеткен. Өңірлерді аралап, халықпен сөйлесіп жүргенде осыны байқадым.

Азаматтардың бүкіл тапқан-таянғанының барлығы азық-түлікке кетіп жатыр. Көп азаматтар дүңгіршектерден қарыз алып, кейін айлық алған соң қарыздарын өтеп қана жүр. Жалпы ішкі өніміміздің артына жасырынған кедей елміз. Мәселе осында болып тұр. Жалпы ішкі өнімді алғанда Орта Азияда көзге түсетін елдерінің қатарындамыз. Бірақ халықтың жағдайы бойынша сол Орта Азия елдерінің ешқайсысынан артықшылығымыз жоқ, тіпті Африка елдерімен де теңестіріп қоюға болады.

Ұлттық Қорды шетелге заңсыз шығарылған қаражатпен толықтыру мүмкін бе?

– Шын мәнінде шетелге өте көп қаражат кетіп қалған. Ресми мәліметтерде 160 млрд доллар деп айтылады. Бұл Қазақстан қаражысының қомақты бөлігі шетелде жүр деген сөз. Соның бәрін тауып, елге қайтару керек. Негізі елден кетіп жатқан қаражаттың тазалығын бақылауға алмаса болмайды. Әлі де болса «заңды болып көрінген форматта» елден ақша шығарып жатқандар көп. Бірінші осы жұмысты реттеп алып, содан кейін шетелге аударылған қаражатты қайтару жағын ойластыру керек. Сонда ғана белгілі дәрежеде елге қаражат тартып, оны ел игілігіне пайдалана аламыз.

Ел экономикасын көтеруде қандай қателіктер бар?

– Ең үлкен қателік, мемлекеттің арнайы экономикалық бағыттағы стратегиялық бағдарламасының болмауы. Бұған дейін бірнеше сәтсіз жобаларын іске асырдық. Нәтижесінде қаншама қаражат «құмға су құйғандай» жоқ болды. Өткен жылы қабылданған 9 ұлттық жобаға да 30 трлн теңге қаражат қарастырылған. Бірақ олардың барлығы біздегі Қаңтар оқиғасына дейін әзірленген. Қазіргі уақытта ол актуалды емес. Ондай бағдарлама ешқандай экономиканың даму бағытын айқындамайды. Сондықтан бізге ел экономикасының жаңа моделін көрсететін дұрыс бағдарлама қажет.

Біздің елдегі кедейшілік, жұмыссыздық деңгейін нақтылап алмай, қандайда бір стратегиялық құжат, бағдарлама дайындау мүмкін емес. Өйткені бірінші кезекте ақиқатты мойындап, реалды жағдайды сипаттап алуымыз керек. Бізде кедейшілік деңгейі 5% аспайды деп айтылып жүр. Ал енді CPMJ аудиторлық компаниясының мәліметінше жұмыссыздық деңгейі 15%, яғни 1,5 млн адам жұмыссыз жүр деген сөз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға