Жаңалықтар

Қазақстандықтардың орташа жалақысы 400 мың теңге болды

Қазақстандықтардың орташа жалақысы 400 мың теңге болды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 09.02.2024 18:12 837

Қазақстан бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2023 жылғы төртінші тоқсанда 393 605 теңгені құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалақының медианалық мәні 2023 жылы қазан, қараша және желтоқсан айларындағы бағалау бойынша 259 463 теңгеге тең.

Кейінгі үш айда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылардың берілуімен байланысты.

2022 жылдың 4-тоқсанына қарағанда өсім – 16,2%, нақты мәнде 5,3%. 1 жылда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметінде, онда өсім 29,7%, ақпарат және байланыста 23,2%, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында 20,8% болған. Білім беру саласында жалақы бір жылда 18,6% өссе, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы өсім 18,2%-ға тең.

Жалақының орташа мөлшері бір қызметкердің жалақысының қосымша ақысы, үстемеақылары, сыйақылары, салықтары және зейнетақы аударымдарының барлық түрін ескере отырып көрсетілген. Ол жалақы қорының сомасын кәсіпорындардағы қызметкерлердің нақты санына бөлу арқылы есептеледі, – деп мәлімдеді ұлттық статистика бюросы.

Қазақстандағы ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында екен – 591 588 теңге. Одан кейін Маңғыстау облысы (559 мың теңге), Ұлытау облысы (554 мың теңге), Астана (549 мың теңге) және Алматы (474 мың теңге) қалалары тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға