Жаңалықтар

Қазақстандықтардың МӘМС-тен «көңілі қалды» - депутат

Қазақстандықтардың МӘМС-тен «көңілі қалды» - депутат
Фото: gov.kz 27.01.2025 11:25 308

Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында МӘМС қызметіне қазақстандықтардың тең жартысының көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, депутаттардың халықпен кездесуінде барлық аймақтарда медициналық қызмет көрсетудің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп айтылған.

Соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген.  Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсіп жатқаны туралы үнемі есеп береді.  Олардың деректері бойынша консультациялық – диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен.  Алайда диагностикалық қызметтердің өсуі ауруды ерте анықтауға ешқандай әсер еткен жоқ.Тіпті, кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажеттіліктің жоқтығына қарамастан тағайындалған, - дейді ол.

Аталған саланы қаржыландыру көлемі ұлғайса да шешімін таппаған жүйелі проблемалар әлі бар. 

Олар - халықтың осы жүйеге, оның тиімділігіне деген сенімін жоғалтуға соқтыратын, тұрғындардың міндетті әлеуметтік сақтандыруға деген қызығушылығының  төмендігі, қаржыны басқарудағы кемшіліктерге, қосып жазуға, бұрмалаушылықтарға әкелетін саланы цифрландыру деңгейінің әлсіздігі, көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлеу кезінде әкімшілік қиындықтарға әкелетін екі қаржыландыру пакетін бөлудің анық болмауы, медициналық қызметтерді тұтынудың артуына, инфляцияның өсуіне және медициналық қызметтерге төмен тарифтерге байланысты саланың жеткіліксіз қаржыландыруы, - дейді Дания Еспаева.

Оның сөзінше, 2023 жылдың қазан айында өткен Үкімет сағатында осы мәселе бойынша талқылау болып, нақты ұсыныстар берілгенмен, орындалмай қалған. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға