Жаңалықтар

Қазақстандықтар жол белгілерін ұрлауға әуес

Қазақстандықтар жол белгілерін ұрлауға әуес
Фото: QazAvtoZhol 23.08.2023 15:32 1114

Қазақстанның республикалық маңыздағы күре жолдарында жыл басынан бері шамамен 20 млн теңгенің жол инфрақұрылымы элементтері ұрланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады. Белгісіз адамдар жарық бағыттайтын екі үлкен трансформаторды ұрлаған жағдайлар да тіркелген.

Ұрланған жол инфрақұрылымы элементтері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады: төртбұрышты жол белгілерінен күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен табалар мен қазандарға арналған қақпақтар жасап алады. Ал үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі екен, - ҚазАвтоЖол мамандары.

Ұрлау фактілері азайғанын да атап өтті.

Өткен жылдармен салыстырғанда жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері азайып келеді. Мәселен, салыстырмалы түрде, 2021 жылы бұл шығын 60 миллион теңгеден асқан болатын, - дейді жол мамандары.

Биыл жолшылар 8 мыңға жуық жаңа жол белгілерін, 19 мың дана катафот, 3,5 мың шаршы метр шу жолақтарын және 10 мың сигнал бағанасын орнатты. Сонымен қатар мамандар 9,7 мың қума метр тосқауыл қоршауларын жабдықтап, 23 мың шақырымнан астам жолда таңба сызығын жаңартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға