Жаңалықтар

Қазақстандықтар шетелден алған автокөліктерді алдымен Қырғызстанға апарып тіркеген

Қазақстандықтар шетелден алған автокөліктерді алдымен Қырғызстанға апарып тіркеген
Фото: ©El.kz/Мади ИСКАКОВ 27.12.2023 14:09 1692

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Қазақстанға әкелінетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса оған 1,8 миллион төлеу міндетеледі, осы мерзімді 7 жылға дейін созуды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда 4 миллион жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай ең көп дегенде 10 жыл жүре алады.  

Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21%-на 10 жыл толған. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6% ғана екен.

Қазақта «шабатын көлік күй тілейді» дейтін бар. Бірақ 4 миллион жеңіл автокөліктің тең жартысының тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз? Үйсіз, күйсіз жүрген азаматтарымыздың ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға сыймайтын кедергілер қойылған. Себеп, Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек. Бірінші, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. Екінші, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яки, шетелден қандай автокөлік әкелсең де олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт, оның құны 60 мың теңгеден - 140 мың теңгеге дейін, - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар Нартай Аралбайұлы шамамен 20 700 теңге кедендік алым төлеу керек екеніне тоқталды.  Автокөліктің қозғалқышының көлеміне қарай утилалым төлеу шарт екенін де алға тартты. Ол 258 750 теңгеден басталып қымбаттай береді. Ел азаматтары қозғалтқыш көлемі 3-тен асса 1 983 750 теңге, оған қоса шамамен 350 000 теңге акциз төлеу керегін айтты.

Әрі қарай, көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. Алғашқы жарна дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды. Азаматтарымыз міндеттемелерді төлемейміз деп отырған жоқ, бірақ басты проблема кедендік тор. Яки, міне мына құжатта Қазақстанға кіретін барлық автокөліктердің ең төменгі бағасы белгіленген. Бір ғана мысал, Қазақстандағы су жаңа Хюндай Элантраның құны ресми сайтта 11 миллион теңгеден басталады. Ал шетелде сол автокөлікті кемінде екі есе арзанға алуға болады. Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10 000 долларға сатып алсаңызда Қазақстанға тек 13 800 доллар деген бағамен кіреді және барлық салықтық және міндетті төлемдер осы бағадан есептеледі, - деп атап өтті Нартай Аралбайұлы.

Депутат таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейтінін айтты. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз екен. Сосын Қазақстанға кіргізеді.

Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуі тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр, - деді ол.

Осы тұста депутат мынадай ұсыныстар жолдады:
1. Қазақстанға шетелден кіргізілетін автокөліктердің шектік құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендету.
2. Алғашқы тіркеу бағасын түсіру. Қазір Қазақстанға әкелінетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса оған 1,8 миллион төлеу міндетеледі, осы мерзімді 7 жылға дейін созу.
3. Утилалымның бағасын төмендету.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға