Жаңалықтар

Қазақстандықтар өзін құмар ойындардан 10 жылға дейін шектей алады

Қазақстандықтар өзін құмар ойындардан 10 жылға дейін шектей алады
Фото: Pixabay 04.12.2024 17:04 229

Бұған дейін азаматтар өзін құмар ойындардан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге шектей алатын. Енді бұл мерзім 10 жылға дейін ұзартылды. Қызметті eGov mobile қосымшасы арқылы пайдалануға болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған қызмет өтінімдерді өңдеу уақытын қысқартуға және өзін құмар ойындардан шектеу жүйесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл кез келген азаматқа барлық лицензияланған ойын алаңдары мен онлайн букмекерлік платформаларға кіруді шектеуге мүмкіндік береді. Қызмет тек 21 жастан асқан адамдар үшін қолжетімді екенін атап өткен жөн.

Қызметті пайдалану үшін мынадай қадамдар жасау қажет:

eGov mobile қосымшасына кіріп, «Қызметтер» → «Спорт» бөлімін таңдаңыз;
«Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға шектеу қою» қызметін таңдаңыз;
Шектеудің аяқталу жылын және айын көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;
Өтінішке Face ID/Touch ID арқылы қол қойыңыз.

Өтініш бергеннен кейін қолданушы құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылған тұлғалар тізіміне автоматты түрде енгізіледі және өтініш кері қайтарылмайды. Бұған дейін шектеу қойғандар үшін мерзімді ұзарту мүмкіндігі де бар.

Жаңартылған қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетімен бірлескен жұмысының нәтижесінде енгізілді.

Айта кетейік, бүгінге дейін 173 868 адам өзін құмар ойындардан шектеген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға