Жаңалықтар

Қазақстандықтар бір айда 100 келі алтын құйма сатып алған

Қазақстандықтар бір айда 100 келі алтын құйма сатып алған
Фото: © Pixabay.com 23.05.2023 21:27 790

2023 жылдың сәуір айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 100,5 келі 3 119 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,3 тонна 125 549 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар 5 түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 32 756 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 28 547 дана (23%), 100 грамдық құйма – 25 793 дана (20%), 20 грамдық құйма – 23 744 дана (19%) және 50 грамдық құйма – 14 709 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 539,9 келі 20 972 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 17%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға