Жаңалықтар

Қазақстандықтар әскери билетті онлайн алады

Қазақстандықтар әскери билетті онлайн алады
Фото: facebook.com/BagdatMussin 01.03.2023 14:37 1185

Қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызмет іске қосылды. Бұл туралы министр Бағдат Мусин желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1 наурыздан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады.

"Бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылаған болатынбыз. Сонда көтерілген мәселелердің бірі- әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту болатын. Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді. Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік", - деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі.

Министрдің дерегінше, әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданатын болады.

"Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алатынын атап өтемін. Қазіргі күні 300 мыңнан астам әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерді. Бұл жоба – азаматтардың өмірлік жағдайларын негізге ала отырып, оларға белсенді қызмет көрсету арқылы «көрінбейтін мемлекет» жүйесін енгізудің тағы бір қадамы. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Қорғаныс министрлігіндегі әріптестеріме үйлесімді жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді! Бұл қызмет «Smart Data Ukimet» жүйесі негізінде Қорғаныс министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау арқылы мүмкін болды", - деп жазды министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға