Жаңалықтар

Қазақстандық судьялар Германиядағы әкімшілік құқық мектебінде оқиды

Қазақстандық судьялар Германиядағы әкімшілік құқық мектебінде оқиды
Фото: sud.gov.kz 25.01.2023 14:44 1633

Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев GIZ «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық мемлекеттілікке жәрдемдесу» өңірлік бағдарламасының басшысы Йорг Пуделькамен кездесті. Кездесуге Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев пен Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тараптар өзара іс-қимыл ауқымын талқылады. Мәселен, қазақстандық судьялардың Германияның әкімшілік құқық мектебінде оқуы, Қазақстан әкімшілік соттарының судьялары үшін өңірлік семинарлар және Сот төрелігі академиясының бағдарламасы шеңберінде ӘРПК бойынша тренингтер ұйымдастыру қажеттігі туралы айтылды. Сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан әкімшілік соттарының судьялары үшін 6-шы өңірлік семинар ұйымдастыру туралы сөз болды.

Кездесуге қатысушылар ӘРПК-ге түсіндірмелерді, Германия мен Латвия судьяларының әкімшілік іс жүргізу бойынша сот шешімдерінің жинағын, Германияның әкімшілік рәсімдері туралы кодекстердің аудармасын дайындауға да назар аударды.

А.Мерғалиев пен Й.Пуделька мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға әкімшілік әділеттің мүмкіндік бергенін атап өтті. Олар ӘРПК мен АПК-ні халықаралық стандарттарға сәйкес қолдану бойынша неғұрлым тығыз ынтымақтастық орнату жөнінде уағдаласты.

GIZ өңірлік бағдарламасы өз қызметін 1992 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Құқықтық және сот реформаларын жүргізуде Қазақстанға қолдау көрсетуде. GIZ қызметінің басым бағыттарының бірі әкімшілік құқықты реформалау болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға