Жаңалықтар

Қазақстандық студенттер бағдарламалау бойынша әлемдегі үздік 30 топтың қатарына енді

Олимпиадаға әлемнің 130-дан астам университеттерінің командалары қатысты
Қазақстандық студенттер бағдарламалау бойынша әлемдегі үздік 30 топтың қатарына енді
Фото: exk.kz 11.11.2022 16:01 1320

Қазақстандық студенттер Бангладештің Дакка қаласында өткен ICPC Бағдарламалау бойынша халықаралық студенттік олимпиадада үздік 30 топтың қатарына кірді, деп хабарлайды El.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Жарыс қорытындысы бойынша Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің командасы МФТИ, ММУ (Ресей), KAIST (Корея), NUS (Сингапур), IIT (Үндістан) студенттерінен озып, 25 орынға ие болды. Сондай-ақ, олимпиадаға тағы бір қазақстандық жоғары оқу орны – Сүлейман Демирель университеті қатысып, командалық есепте 111 нәтиже көрсетті.

«Біздің студенттер ең ірі студенттік IT-олимпиадада тамаша нәтижелер көрсетті. Қазақстандықтар алғаш рет әлемдегі ең мықты 30 команданың қатарына енді. Қатысушыларымызды жоғары көрсеткіштермен құттықтаймын. Келесі жылы қазақстандық студенттер жаңа биіктерді бағындыра алатынына сенімдімін. Ал біз ғылым және жоғары білім министрлігі ретінде болашақ чемпиондарға жағдай жасау үшін бар күшімізді саламыз», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, Бағдарламалау бойынша халықаралық студенттік олимпиада (ICPC) 1977 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Олимпиада командалық форматта өтеді, бір оқу орнынан үш қатысушыдан тұратын бір команда қатысады

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға