Қазақстандық сейсмологтар Қырғызстандағы жер сілкінісін тіркеді

Алматы уақыты бойынша бүгін сағат 05:40-та Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «СОМЭ» ЖШС-нің сейсмикалық стансалар желісі жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 439 шақырым жерде Қырғызстан аумағында орналасқан.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 9.2. Магнитудасы - MPV 4.0. Эпицентр координаттары - 40,47°, солтүстікке қарай - 73,08°. Тереңдігі - 5 км. Сезілуі туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша) жоқ», - делінген ведомствоның кезекші операторы таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, осыған дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық стансалар желісі кеше Алматы уақытымен 6 сағат 37 минутта жер сілкінісін тіркегенін хабарлаған болатынбыз.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылда шамамен 12 мың жер сілкінісі тіркеледі.
Қазақстанның ең қауіпті апат аймағы – Алматы қаласы. 1887 жылы Алматыда 7,3 балдық зілзаладан 332 адам көз жұмған екен. 1910 жылы магнитудасы 8,2 балды құраған жер сілкінісінен 44 адам қаза тауып, 800-дей үй қираған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы 22 ақпан күні Алматы уақытымен сағат 16.32-де жер сілкінісін тіркеген еді.
