Қазақстандық қызмет экспорттаушылар Сингапур нарығына шыға алады
Мәжіліс Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Келісім 2023 жылғы 22 мамырда Астанада жасалған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан үшін Сингапурмен жасалған келісім көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы алғашқы келісімі екенін айтты.
Сингапур көрсетілетін қызметтерде дамудың озық тәжірибесіне ие, бұған оның экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жалпы әлемдік экономикадағы флагман, сондай-ақ ірі IT және қаржы хабы. Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде қазақстандық экспорт 94%-ды құрап отыр, - деді Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы 2023 жылы 9,6 млн АҚШ долларын құрап, қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортының үлесі 37%-ға жеткен.
Келісім шеңберінде қазақстандық бизнес үшін Сингапурдың көрсетілетін қызметтер нарығына қолжетімділікті кеңейтіп, жақсарттық. Осылайша, Сингапур Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелер шеңберінде көрсетілетін қызмет секторларынан басқа, Қазақстан үшін дистрибьютерлік қызметтер, білім беру саласындағы қызметтер, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтер нарығына қосымша жол ашты. Одан бөлек, келісім инвестицияларды жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы және болжамды жағдайларды көздейді, сондай-ақ халықаралық практикаға сәйкес инвесторларды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, - деді ол.
Сонымен қатар Шаққалиев атап өткендей, инвестициялар шеңберінде Қазақстан үшін көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде отандық өнім үлесі талаптарын, экономиканың аса елеулі салаларында – жер қойнауын пайдалану, жер мәселелері, жаңартылған энергия көздері – шектеу шараларын қолдану құқығы сақталды.
Қазақстанға Сингапурдың салған тікелей инвестицияларының көлемі соңғы 10 жылда 1,7 млрд АҚШ долларын құраған. 2023 жылы Сингапурдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 457 млн АҚШ долларына жеткен.