Жаңалықтар

Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Түркияға көмекке аттанды

Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев мәлімдеді
Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Түркияға көмекке аттанды
Фото: Anadolu Agency 06.02.2023 22:30 2316

Қазақстаннан Түркияға республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер мен құтқарушы иттер көмекке жіберілді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өздеріңіз білетіндей, бүгін таңертең Түркия Республикасының орталық бөлігінде бірқатар жер сілкінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір ТЖ министрлігінің құтқарушылары «Бүркіт» әуе компаниясының ұшағына мініп, Астанадан Алматыға барады. Алматыда министрліктің күш-құралы толығымен Түркияға аттанады, - деді Ибрагим Құлшымбаев «Жібек жолы» телеарнасының тікелей эфирінде.

Спикердің айтуынша, Түркияға республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары бара жатыр, олардың көпшілігінде халықаралық құтқарушы санаты бар. Сондай-ақ, «Апат медицинасы» орталығының медицина қызметкерлерін қосқанда, жалпы 41 адам Түркияға ұшады.

Өзімізбен бірге апаттық-құтқару автокөліктерін, медициналық жабдықтарды, пневмо-модульдік шатырлар, гидравликалық құтқару құралдарын алдық. Оған қоса, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы кинологиялық тобы қызметтік иттерді алып барады. Түркияға жеткен соң тағы да байланысқа шығып, жағдайды баяндаймыз, - деді бірінші вице-министр.

Еске сала кетейік, бүгін Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында зілзала орын алғаны белгілі. Мыңнан астам адам қаза болып, кемінде 7 мың адам жарақат алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға