Жаңалықтар

Қазақстандық оқушылар география пәнінен ұлттық олимпиадада бақ сынады

Қазақстандық оқушылар география пәнінен ұлттық олимпиадада бақ сынады
Фото: Ерболат Шадрахов 29.10.2023 17:13 497

«EcoForming» экология және білім қоры «Шеврон» компаниясының қолдауымен биылғы қазан айының 27-28 күндері Астана қаласында, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында «Дарын» орталықтарының атсалысуымен география пәнінен ұлттық олимпиада ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олимпиада үздік әлемдік білім беру тәжірибелері арқылы оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға баса назар аудара отырып, олардың пәнді тереңдетіп оқуға деген ынтасын арттыруды басты мақсат етті. Сонымен қатар географияны табиғат пен қоғамның дамуындағы кеңістіктік заңдылықтарды зерттейтін ғылым ретінде дәріптеуді,  география пәнінің беделі мен мәртебесін көтеруді көздеді.

Георафия ғылымы бүгінде жердің бедері мен бетін, табиғатын, елдердің аумағын таныстыратын қарапайым ғылымнан ғарыш географиясына дейінгі сан тараулы бағыттарды қамтыған күрделі әрі прогрессивті ғылым саласына айналып отыр. Соның ауанында әлемде география пәнін оқытудың да мән-маңызы мен өзектілігі күннен-күнге артып келеді. Бұл пән кеңістік ауқымын елестете отырып ойлауға жетелейді. Оқушының таным көкжиегін кеңейтуге тікелей әсер ететін алуан түрлі қызықты мәліметтер ұсынады. Ғылымға деген қызығушылықты оятады.

Соған орай, олимпиада тапсырмаларын «Астана дарыны» дарынды балаларды анықтау мен дамыту орталығы дайындады. Аудандық кезеңнің тапсырмалары орта мектепке арналған география пәнінің (6-8-сыныптар) мазмұнын қамтыды. Ал облыстық кезеңнің тапсырмалары орта мектепке арналған география пәнінің (6-8 сыныптар) мазмұны бойынша, сондай-ақ National Geographic журналының 2023 жылғы сандарындағы материалдарға негізделіп дайындалды.

Олимпиадаға 7-8 сынып оқушылары қатысты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Сонымен қатар осы олимпиадалар шеңберінде National Geographic Qazaqstan журналының тренерлері оқушылар мен география пәнінің  мұғалімдеріне арналған семинар-тренингтер өткізді. Бұл оқыту семинарларды балалардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, ғылыми жобалар жасауға ынталандыруды көздеді. Ал мұғалімдерге National Geographic-тің әлемдік білім ресурстарын оқу бағдарламасына қосымша материал ретінде қалай пайдалануға болатындығын үйретті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға