Қазақстандық өнімнің 60-тан түрін Иранға экспорттау ұсынылды
Алматы қаласында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрінің орынбасары, Сауданы дамыту ұйымының басшысы Мохаммад Али Дехган Дехнавимен кездесуі өтті. Кездесуде екі ел арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біз Иранмен тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін арттыру мүмкіндігін көріп отырмыз. Иран нарығына жеткізу үшін 162 миллион доллар сомасына астық, күнбағыс майы, ет өнімдері және басқа да тауарларды қоса алғанда, 60-тан астам тауар позициясын ұсынуға дайынбыз, - деп атап өтті министр Арман Шаққалиев.
Ол Қазақстан екі мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды белсенді түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Иран Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерінің бірі болып табылады.
Екі елдің сауда қатынастарын нығайту мақсатында алда өтетін сауда-экономикалық миссия, сондай-ақ 2025 жылдың ақпанында Тегеранда жоспарланған бизнес-форум маңызды рөл ойнамақ. Миссияның мақсаты - елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту, қазақстандық өндірушілер мен ирандық сатып алушылар арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту болып табылады. Оған қоса сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға ықпал ете отырып, екі елдің бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 296 миллион АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға артық. Қазақстаннан Иранға экспорт көлемі 29,1%-ға өсіп, 100,6 миллион АҚШ долларын құрады.
Қазақстаннан Иранға жеткізілетін негізгі тауарлар арпа, бидай, рапс дәні, күнбағыс майы, жүгері, сондай-ақ, қой, ешкі және сиыр еті.