Қазақстандық мергендер маусымды Азия кубогы кезеңінен бастайды
Нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасы Бангкокта (Таиланд) өтетін Азия кубогына дайындық аясында Алматыдағы Олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Команданы бас бапкер Ольга Довгун жаттықтыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰОК мәліметінше, жиынға 42 спортшы, соның ішінде елдің көшбасшы мергендері мен болашағынан үміт күттіретін жасөспірімдер қатысуда. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, сондай-ақ халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Никита Чирюкин, Константин Малиновский, Арина Алтухова, Ирина Юнусметова, Валерий Рахимжан және Елизавета Безрукова бар.
Жаттығу барысында қазақстандық спортшылар техникалық қателіктерді түзету, шеберлікті арттыру және жарыс кезіндегі күйзеліс факторларына бейімделу бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ, жеке электронды SCATT жаттығу құрылғысымен дайындық, физикалық күш және төзімділікті арттыру бойынша арнайы бағдарламалар қарастырылған. Жаттығу жиынында қалпына келтіру шараларына да ерекше көңіл бөлінуде – массаж, моншаға бару, медитация сынды әдістер қолданылады. Сонымен қатар жас спортшылар мен командалық жұмысқа ерекше назар аударып отырмыз, – деді Ольга Довгун.
Оқу-жаттығу жиыны 30 қаңтарға дейін жалғасады және бұл Қазақстан құрамасының халықаралық жарыстарға дайындығындағы маңызды кезең болмақ. Қазіргі таңдағы инфрақұрылым, кәсіби бапкерлер құрамы және жаңашыл әдістер спортшылардың техникалық және психологиялық тұрғыдан жетілуіне мүмкіндік береді.
Келесі басты жарыс – 9-22 ақпан аралығында Бангкокта (Таиланд) өтетін Азия кубогы. Бас бапкердің айтуынша, команда қызу дайындық үстінде. Ал алдағы турнирдегі басты мақсат – бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алу.