Жаңалықтар

Қазақстандық компаниялар 2023 жылы қызмет көрсету экспортын 16,7% ұлғайтты

Қазақстандық компаниялар 2023 жылы қызмет көрсету экспортын 16,7% ұлғайтты
Фото: ҚР СИМ 25.09.2023 22:09 759

Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамыту туралы ОКҚ брифингінде сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының тауар айналымы 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға өсіп, 46,7 млрд долларға жетті. 2023 жылдың 7 айында шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,2 млрд долларды құрады. Қызмет көрсету экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ға артып, 2,1 млрд долларға жетті.

Топ-3 шикізаттық емес экспорттық тауарларға мыс және мыстан жасалған катодтар (үлесі 12,9%), ферроқорытпалар (10,2%), уран (9,4%) кіреді.

Біз сондай-ақ тауар себетін әртараптандырудың сапалы жақсарғанын, экспорт географиясының кеңеюін байқаймыз. Негізгі өткізу нарықтары дәстүрлі түрде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланд болып табылады. Бұл ретте ЕО елдеріне, Қытай мен Орталық Азия елдеріне жеткізілімдердің айтарлықтай артқаны байқалады, - деді Қайрат Төребаев.

Экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын ұсыну бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінде 100-ден астам компания халықаралық көшпелі сауда іс-шараларына қатысты, олар 7 елдегі сауда-экономикалық миссиялар мен Қытайдағы халықаралық көрме. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 500 млн. доллардан асатын сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды.  

Вице-министр экспортты ілгерілету экожүйесін жақсарту жөніндегі заңнамалық жұмысты жеке атап өтті. Ол Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында KazakhExport компаниясының базасында барлық қажетті құралдарды шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің толыққанды институтын құруға баса назар аударғанын еске салды.

Сауда және интеграция министрлігі экспорттық-кредиттік агенттік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі. Заң жобасы экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған, Ол қаржылық қолдау мен шикізаттық емес экспортты дамытудың негізгі шараларын ЭКА қолына біріктіруге мүмкіндік береді, - деп хабарлады Қайрат Төребаев брифингте.

Қазіргі уақытта KazakhExport сақтандыру ұйымы ретінде сақтандыру және қайта сақтандырумен байланысты емес өзге де қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ұқсас экспорттық кредиттік агенттіктер сақтандыруды, қайта сақтандыруды, экспорттық операцияларға кепілдік беруді және қаржыландыруды жүзеге асырады.

Қазақстандық экспорттық-кредиттің агенттігін құру кезінде оған басқа компаниялардың қызметімен қайталанбайтын нақты функциялар беру ұсынылады.

Бұдан басқа, шекара маңындағы сауданы дамытуға бағытталған бес трансшекаралық хаб құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл Түркістан облысындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (Өзбекстан), Жамбыл облысындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен (Қырғызстан), БҚО «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы (Ресей), Маңғыстау облысындағы «Каспий» контейнерлік хабы (Каспий маңы өңірі елдері), Жетісу облысындағы «Қорғас торабы» трансшекаралық хабы (ҚХР).

Хабтар базасында шекаралас елдермен бiрлесiп жаңа өндiрiстер құру өнеркәсiптiк кооперацияны және көлiк-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ықпал етедi. Нәтижесінде экспорттық жеткізілімдердің айтарлықтай өсуі күтіледі, сондай-ақ қазақстандық тауарларды өткізу нарықтарының географиясы кеңейеді.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға