«Тәнті болдым»: Ресейлік блогер желіде таралған ақпаратты жоққа шығарды

TikTok пен YouTube желілерінде ресейлік әншіге қатысты таралған видео үлкен резонанс тудырды. Видео авторларының айтуынша, ресейлік танымал блогер әрі әнші Валя Карнавал (толық есімі — Валентина Карнаухова) Қазақстанда бейнебаян түсірілімі кезінде қазақ тілінде сөйлеген адамдарды түсірілім алаңынан қуып шыққан. Мұндай мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алайда Карнавал бұл айыптауларды жоққа шығарып, Telegram-арнасында бейнеүндеу жариялады. Ол бұл мәліметті «арандату және өзінің беделіне нұқсан келтіру әрекеті» деп атады. Енді бұл оқиғаға тереңірек үңіліп көрейік.
Дау қалай басталды
Даудың басталуына себеп болған алғашқы ақпарат TikTok әлеуметтік желісінде пайда болды. Белгісіз дереккөздерге сүйене отырып, блогер Антон Суворкин Карнавалдың 2024 жылы Қазақстанда түсірілген «Вдох-Выдох» клипінің түсірілімінде қазақ тілінде сөйлеген мамандарға дөрекілік танытқаны, тіпті оларды түсірілім алаңынан қуып шыққаны айтқан. Сондай-ақ Антон Суворкин Карнавалдың түсірілім кезінде «қазақша сөйлемеуді талап еткенін» және «стилистерге айқайлағанын» мәлімдеді.
Оның айтуынша, Валя Карнавал өзінің райдерінде «ешқандай қазақ болмауы керек» деген талап қойған, ал командадағы бір адамды «корей ұлтынан» деп ойлап жұмысқа алған. Бұл ақпарат лезде таралып, қоғамның түрлі реакциясын тудырды.
Карнавалдың ресми жауабы
Валя Карнавал бұл айыптауларды жоққа шығарып, ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Ол өзінің Telegram-арнасында бейнежазба жариялап, Қазақстандағы түсірілім тобына риза болғанын айтты.
Бір жыл бұрын мен қазақстандық командамен дөрекі сөйлесіппін. Мұның бәрі жалған, ғайбат және арандату үшін істеліп отырған дүние. Оның үстіне мен қазақстандық команданың жұмысына тек тәнті болдым. Керемет клип шықты, - дейді Валя Карнавал.
Сонымен қатар, Валентина өзінің абыройын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге дайын екенін мәлімдеді:
Маған қарсы мұндай жалған ақпарат таратушылар заң алдында жауап береді. Менің атымды қаралау үшін таратып жатқан бұл сандыраққа сенбеңіздер, – деп жазды ол.
