Қазақстандық докторант Гарвардқа шақырту алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының докторанты Арыстанбек Ақылбай Гарвард университетіне шақырту алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Докторант АҚШ-та мемлекет дамуындағы меритократия принциптерін зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жас ғалымның пайымдауынша, шетел тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы боларына сенімді.
Гарвардта біліктілік арттыру менің арманым болды. Ол үшін 7-8 ай бойы дайындалдым. Жарты жыл ішінде Гарвард қызметкерлерінен жауап келді. Нәтижесінде шетелден шақырылған ғылыми қызметкер мәртебесі ұсынылды, - дейді жас ғалым.
Арыстанбек АҚШ-та «Сингапур мемлекеттілігінің қалыптасу эволюциясы: меритократия және жаңғырту. Қазақстанға арналған тәжірибе» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жалғастыруда. Енді докторант Гарвард университеттің материалдық базасын және Widener Library сирек материалдар кітапханасын, оқу орнының аффилиациясын, Гарвардтың электрондық пошта мекенжайын, спорт орталықтарын толық пайдалану мүмкіндігіне ие болды.