Қазақстандық делегация «Пакш» атом электр станциясында болды
Сондай-ақ техникалық қызмет көрсету орталығының қызметімен де танысты
Қазақстандық делегация Мажарстанға жұмыс сапары барысында «Пакш» атом электр станциясында болды, деп хабарлайды El.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Делегация мүшелерін энергоблоктың жұмысымен танысты. Атом электр станциясында 4 реактор бар және ол елде өндірілетін электр энергиясының 40%-дан астамын өндіреді. Жалпы қуаты - 2000 МВт.
Сондай-ақ, салынып жатқан «Пакш-II» АЭС жобасы таныстырылды. Оның жалпы құны 12,5 млрд еуроны құрайды. Несие қаражаты - 10 млрд еуро. Бұл жобаны 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
АЭС өкілдерінің айтуынша, Дунай өзенін пайдалану қоршаған ортаға әсер етпейді. Екінші атом электр станциясы енгізілгеннен кейін электр энергиясын өндіру 60%-ға дейін артады.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация техникалық қызмет көрсету орталығына барды. Оқу орны атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мамандарды оқытуды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асырады. Орталықтың ерекшелігі – мамандарды дайындау бағдарламалары АЭС жұмысының жағдайына барынша жақын.
