Жаңалықтар

Қазақстандық бітімгерлердің алғашқы жасағы Голан жоталарынан оралды

Қазақстандық бітімгерлердің алғашқы жасағы Голан жоталарынан оралды
Фото: Қорғаныс министрлігі 12.04.2025 19:35 245

Елордалық әскери авиабазада БҰҰ миссиясы аясында (UNDOF) Голан жоталарында қызмет атқарып, бір жылдан кейін елге оралған Қазақстанның тұңғыш бітімгерлік контингентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен бітімгерлік қызмет атқарған әскери қызметшілерді Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері мен әріптестері қарсы алды.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әр бітімгердің қолын алып, жеке құрамға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, Қазақстан армиясының тарихында алғаш рет Голан жоталарында «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясында өзінің қару-жарағы мен техникасымен дербес ұлттық контингент орналастырылғанын атап өтті.

Бұл миссия аласапыран аймақта халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндет болды. Сіздердің күш-жігерлеріңіз назардан тыс қалмай, халықаралық аренада Қазақстанның беделін жауапты, әрі бейбіт мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға негіз болды. Адал қызметтеріңіз бен жауынгерлік тапсырманы орындаудағы жауапкершіліктеріңіз, сондай-ақ, қазіргі таңда басынан қиын кезеңді өткеріп жатқан адамдарға көмек қолын созғандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.

Бітімгерлік ротасының командирі подполковник Жігер Аипов Фауар базасында миссияны орындау барысында қазақстандық контингент 600-ден астам тапсырманы орындағанын атап өтті.

Осыдан бір жыл бұрын біздің 139 адамнан тұратын алғашқы бітімгерлік контингентіміз Голан жоталарына аттанды. Жауапкершілік аймағында ротаның жеке құрамы жүктерді алып жүру бойынша патрульдік және гуманитарлық қызмет атқарды. Біз 4 эвакуация жасадық және 400-ден астам жарылмаған заттардың жойдық, - деді ол.

Қиын-қыстау кезеңде ер адамдармен бірге БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясында 7 әйел әскери қызметші қызмет атқарды.

Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерілік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының  жоғары бағасына ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға