Жаңалықтар

Қазақстандық банктер клиенттерге үндеу жасады

Қазақстандық банктер клиенттерге үндеу жасады
Фото: El.kz 06.04.2023 14:20 942

Қазақстандық банктер мен байланыс операторлары, атап айтқанда Beeline, Eurasian Bank, Forte Bank, Halyk Bank, Home Credit Bank, Jusan Bank, Kaspi Bank, Kcell, Nurbank, Tele2/Altel, Центр Кредит Банкі, Банк VTB (Қазақстан) бірлесіп, клиенттерге үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы уақытта қаржы алаяқтығының жаңа түрі пайда болды. Қаражатыңыздан айырылып қалмас үшін сақтандыру мақсатында сіздерге ескертеміз. Алаяқ қазақстандық немесе шетелдік нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Ол телефон байланысы қорғалмағанын айтып, WhatsApp немесе басқа мессенджер арқылы сөйлесуді ұсынады. Чатта алаяқ банк қызметкерінің қолдан жасалған куәлігінің фотосын жібереді. Алаяқ қаражатыңызды біреулердің ұрлауға тырысып жатқанына сендіріп, оны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Бұдан кейін ақшаны алып, із жасырады. Біз, қазақстандық банк қызметкерлері телефон арқылы сөйлесу кезінде қаражатты ешқашан басқа шотқа аударуды ұсынбайтынын, құпиясөз бен код сұрамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстандық банк қызметкерлері клиенттеріне ешқашан шетелдік нөмірден қоңырау шалмайды, - делінген мәлімдемеде.

Жаңа алаяқтық схемасы қалай пайда болды?

Әдетте алаяқтар шетелде отырады. Бұрын арнайы интернет-сервистердің көмегімен шетелдік нөмірлерін қазақстандық нөмір сияқты көрсете алатын.

Алайда қазақстандық байланыс операторлары нөмірді ауыстырып көрсету мүмкіндігіне шектеу жасады.

Осылайша, алаяқтарға өздерін қазақстандықтар сияқты көрсете алуы қиындай түсті, сондықтан олар шетелдік нөмірден қоңырау шалады.

Олар шетелдік нөмірдің сенім ұялатпайтынын түсінеді, сондықтан аватарында танымал банктің логотипі көрсетілген, мессенджердегі «қорғалған чатта» жалғастыруды ұсынады.

Сонымен қатар қаскөйлер бұған дейін белгілі болған алаяқтық түрлерін де қолдануды жалғастырып жатыр.

Мұндай кезде не істеу керек? Банктер мен операторлар мынадай ақыл-кеңес ұсынады:

- Сөйлесуді бірден тоқтатыңыз (Өзіңіз қызметін тұтынатын банктің колл-орталығына қоңырау шалып, күдікті қоңырау туралы хабарлап, шоттарыңыздың тұтастығына көз жеткізуге болады).

- СМС хабарлама арқылы келген құпия код, интернет-банктегі жеке кабинетіңіздегі құпиясөзді ешқашан, ешкімге айтпаңыз

- Қоңырау шалғандардың өтінішімен басқа шоттарға қаражатыңызды аудармаңыз

- Олардың нұсқауымен бөгде мобильді қосымшаларды жүктеп алмаңыз!

- Таныс емес адамдар жіберген сілтемені ашпаңыз.

Бұл қаржылай қауіпсіздіктің қарапайым ережелері сізге алаяқтардан сақтанып, қаражатыңыздан айырылып қалмауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға