Жаңалықтар

Қазақстандық әйел Антарктиданың ең биік шыңын бағындырды

Қазақстандық әйел Антарктиданың ең биік шыңын бағындырды
Фото: Абай облысы әкімдігі 31.01.2025 22:03 118

Қазақстандық әйел Жәмилә Баширова әлемнің  суық континенті – Антарктиданың ең биік нүктесі Винсон массивін бағындырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, альпинист Бесқарағай ауданы Большая-Владимировка ауылында дүниеге келген. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Сүт өнеркәсібінде технолог болып жұмыс істейді. 

Жәмилә Башированың альпинизмге деген қызығушылығы пандемия кезінде пайда болған. Ленин шыңына жеті рет көтерілген тәжірибелі альпинист Алексей Криворучкомен бірге тауға шыға бастайды. Бұл хоббиі оны биік шыңдарды бағындыруға шабыттандырған. Кейін ҚР спорт шебері, альпинизм бойынша бірінші санатты нұсқаушы Александр Софрыгиннің басшылығымен «Q14 Mountain Club» қазақстандық тау клубында альпинизм негіздерін үйренген.

Небәрі үш жыл ішінде Жәмилә Баширова әлемнің әйгілі шыңдарына көтеріліп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оған Еуропаның ең биік нүктесі – Эльбрусқа (5 642 м), Оңтүстік Американың ең биік шыңы – Аконкагуаға (6 962 м), сондай-ақ Қырғызстандағы Ленин шыңына (7 134 м) екі мәрте шығуға мүмкіндік туды.  Ал өткен жылы 6 119 метр биіктіктегі Лобуче мен әлемнің ең биік нүктесі – Эверест шыңына (8 848 м) шықты.

Енді Антарктиданың Винсон массивіне де табаны тиіп отыр. 1957 жылы ғана әлемге әйгілі болған тау шыңы американдық танымал саясаткер Карл Винсонның есімімен аталады. Күні бүгінге дейін шыңға шыққан мыңнан аса альпинистер қатарында енді жерлесіміздің де есімі аталады.  

Винсон шыңында қарашадан қаңтарға дейін полярлық күн жағдайының өзінде температура -40-тан -70 градусқа дейін жетеді. Тағы бір ерекшелігі, қатты жел соғып тұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға