Жаңалықтар

Қазақстандық авторлардың бес шығармасы тәжік тіліне аударылады

Қазақстандық авторлардың бес шығармасы тәжік тіліне аударылады
Фото: t.me/askhat_oralov_online 29.08.2023 16:27 1004

Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндерінің қорытындысы ретінде Алматыдағы Ұлттық кітапханада екі елдің Жазушылар одағының өкілдері дөңгелек үстел басына жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі Зульфия Давлатзода, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Косим Нозим, сондай-ақ екі елдің көрнекті мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Біз мемлекеттеріміздің әдебиет саласындағы өзара ынтымақтастығы мәселелерін талқыладық. Атап айтқанда, Жазушылар одағы қазақстандық авторлардың бес шығармасын тәжік тіліне аудару туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ Қазақстанда тәжік әдебиетшілерінің бес еңбегін шығару ұсынылды. Бұл Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді деп санаймын, - деп жазды Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Спикерлер сөз сөйлегеннен кейін Мереке Құлкенов пен Косим Нозим екі елдің Жазушылар одақтары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу тәжік делегациясына естелік кітаптар табыстау рәсімімен аяқталды. Қонақтарға сыйлық ретінде қазақ ақындарының «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» атты 13 томдық өлеңдер жинағы және басқа да кітаптар табысталды.

Қазақстан мен Тәжікстанды географиялық көршілестік қана емес, сонымен қатар ғасырлар бойғы тарих та байланыстырады. Мәдени алмасу әрқашан біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі болды. Сондықтан әдебиетті дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың күшеюі бүкіл Орталық Азия аймағына орасан зор пайда әкелуі мүмкін, - деп жазды министр.

Қажетті қадамдар қазірдің өзінде жасалып жатыр. Мәселен, келесі жылы Ұлттық академиялық кітапханада тәжік әдебиетінің бұрышы ашылады.

Сонымен қатар, біздің елдеріміздің ұлттық кітапханалары арасында ынтымақтастық туралы шарт бар, оның шеңберінде кітапхана, архив және музей қорларының жазбаша және баспа құжаттарын сақтау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ал тәжік тарапы өз кезегінде қазақстандық баспалар мен кітап сауда ұйымдарын осы жылдың қазан айында Тәжікстан астанасында өтетін XI халықаралық «Душанбе кітабы» көрмесіне шақырды, - деп жазды Асхат Оралов.

Келесі жылы Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға