Қазақстандық АҚШ-тан келген сәлемдеме үшін 16 жылға сотталды

Қазақстанда АҚШ-тан келген есірткі контрабандасының арнасы тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында АҚШ-тан ҚР азаматтарының атына халықаралық почта жөнелтімдері арқылы тұрмыстық өнім ретінде жасырылған есірткі заттары түскені анықталды.
«Қазпошта» АҚ Кедендік бақылау аймағында Астана қаласында 1,2 кг гашиш майы тәркіленді. Сонымен қатар айыпталушының тұрғылықты жерін тінту кезінде Алматыда 4,38 грамм оралған мефедрон табылды, - делінген мәліметте.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды контрабандаға және өткізуге кінәлі деп таныды. 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
