Жаңалықтар

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар
Фото: Коллаж El.kz 18.02.2025 17:49 4632

 Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы маңызды бастама аясында Түркістан облысында орналасқан «Инкай» кенішінде болдық. Бұл кеніштің жұмысшылары күнделікті ауыр әрі жауапты жұмысты атқара отырып, ел экономикасына үлкен үлес қосуда. Уран өндіру – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды сала болғандықтан, бұл мамандықтардың кәсіби деңгейі мен еңбек қарқыны ел үшін шешуші рөл атқарады. Осы ретте El.kz тілшісі саланың майталман мамандарымен сұхбаттасып, олардың еңбек жолы мен салаға қосқан үлестері туралы сыр шертті.

Уран саласында 16 жыл

«Инкай» кенішінде жұмыс істеп жатқанына 16 жыл болған 6-шы разрядты аппаратшы-гидрометаллург Арман Туғанбаевтың сөзінше, реагенттерді қосу арқылы уранды шешіп алу бұл өте қиын процесс. Десе де, осы уақыт аралығында бұл жұмыстарды егжей-тегжейлі меңгеріп алдық деп отыр. Уранды жоғары концентрацияда, яғни 80-90 граммға дейін шешіп алады.

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Менің жұмысымдағы бірінші қадам – таңертең жұмысты қабылдап алу. Күндізгі немесе түнгі ауысымды қабылдаған соң, барлық жерді аралап шығамыз, қауіпсіздікті тексереміз, ақаулар және адамдарға қауіп төндіретін жағдайлар жоқ екенін тексереміз. Түнде қандай қиындықтар кездесті, ауысымда не өзгерістер болды деп, осылайша егжей-тегжейлі сұрап, әріқарай өзіміздің міндетімізді орындауға кірісеміз, – дейді.

Бұрын басқа салада жұмыс істеген гидрометаллург қазір түпкілікті осы уранға келіп тоқтағанын айтады. Өйткені ол жерде өзінің біліктілігін арттырып, кәсіби деңгейін одан әрі жоғарлатқысы келеді. Уран саласында 16 жылдық еңбек тәжірибесі бар ардагер жұмысшының бұл уақыт аралығында өзінің тәжірибесіне қарай өндірісті дамыту бойынша 700-ден астам ұсыныс хат жазғанын айтады. Соның 200-і жүзеге асқан.

Бұл жерде тәуекелдерді төмендету, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайларды жақсарту, қауіпсіздік мәселелері, жалпы қалай жақсарту қажеттілігі туралы жазылған. Барлық мақсат – осы мәселелерді шешу, әрі қарай біліктілікті арттыру. Біздің жұмысымыз уранды өндірумен байланысты. Процесс полигоннан басталады. Қысқаша түсіндірсем, полигондағы ұңғымалардан алынған өнім ерітінділер үлкен қоймада жинақталады, ең соңында өнім өңдеу зауытына жіберіледі. Жұмыстың мақсаты – осы өнімді алу, – деді ол. 

Өңдеу зауытына жіберілгеннен соң, машинаға тиеліп, пеште қыздырылады, арнайы ыдысқа жинақталады. Ал соңғы өнім – уранның таблеткасы немесе капсуласы атом электр станцияларында қолданылатын болады.

Алғашында бұл жұмыстарға үйренісе алмай, қиындықтар болды. Қазір шын мәнінде  ұнайды деп айтуға болады. Өйткені мен өз біліктілігімді үнемі арттыруға тырысып жүрмін. Көптеген шәкірттер тәрбиеледім, олардың арасында ауысым мастері, технолог сияқты қызметтерге көтерілгендер де бар. Кейбіреулері басқа бөлімдерде жетекші болып жұмыс істейді. Қазіргі кезде сол шәкірттерімнің көбісі келіп, маған ризашылығын білдіреді. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Менің қазіргі қызметім алтыншы разрядты аппаратшы. Осы салада он алты жыл жұмыс істерп жүрсем де, көп нәрсеге қол жеткізгеніме қуаныштымын, – дейді Арман Туғанбаев.

«Инкай» БК» ЖШС өз қызметкерлеріне 55 жасқа толғанда зейнетке шығуға рұқсат берілген.

Әрине, зейнетке шығуға мүмкіндік бар, бірақ мен әлі де өзімнің біліктілігімді арттыруды көздеп отырмын. Бірақ мен үшін білімнің маңызы зор, өйткені ол көптеген технологияларды жеңілдетуге және қауіпсіздік шараларын нығайтуға мүмкіндік береді. Осы бағытта көп еңбек етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізгенімді байқадым және басшыларым да менің жұмысымды бағалап, алғыс айтып жатыр. Алдағы уақытта да дамуды көздеп отырмын, себебі бір орында тұрып қалмау керек, – дейді жұмысшы.

Бұдан өзге Арман Туғанбаевтың екі білімі бар. Негізгі білімі есеп, аудит саласы. Бұрын Алматыдағы политехникалық институты мен Алматы экономикалық және статистика институтын тәмамдаған. Десе де, уран саласына деген қызығушылығы көп болып, осы салада қалғанын айтады.

Өзім Түркістан қаласынан боламын, үш балам бар. Отбасым Түркістанда тұрады. Ол жақтан жұмысқа келу мен үшін қиын емес, ара қашықтық шамамен төрт жүз шақырымдай ғана. Негізі мен Кентаудан боламын, бірақ қазір Түркістанда тұрып жатырмын. Балаларым бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Олар көбінесе IT мамандығын таңдауды жоспарлап отыр. Өзіміздің тәжірибемізбен, істеп жатқан жұмысымызбен олардың да көзқарасын өзгертіп, үлгі болуға тырысамыз. Жұмыс кестеміз бойынша біз он төрт күн жұмыс істеп, он төрт күн демаламыз. Осы тәртіппен жұмыс істеп келеміз, үздіксіз, – дейді гидрометаллург.

Қарауылдан супервайзерге дейін. 24 жылдық тәжірибесі бар маман

Пернебек Дауылбаев осы компанияда 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Дәл қазіргі қызметі – полигон құрылыс бөлімінің супервайзері. 2001 жылы компанияға қарауыл болып жұмысқа орналасады. Содан бері бұл өндірісте жұмыс істеп жүргеніне 24 жылдың жүзі болған.

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бұл компанияға 2001 жылы қарауыл болып кіріп, содан бері жұмыс істеп келемін. Осы жиырма төрт жыл ішінде көп нәрсе үйрендім және үлкен тәжірибе жинадым. 2002 жылдан бастап аппаратшы гидрометаллург болып жұмыс істей бастадым. Одан кейін полигонға, компрессор бөліміне ауысып, жер астындағы өңдеу жұмыстарын жүргізетін болдым. Содан соң полигон шебері болып жұмыс істедім, тағы да компрессор бөліміне оралып, қазір осы полигон құрылыс бөлімінде супервайзер ретінде қызмет атқарып отырмын, – дейді супервайзер Пернебек Дауылбаев.

Оның қазіргі міндеті полигон құрылыс бөліміндегі барлық құрылыс жұмыстарын бақылау. Яғни, қазір құрылысы жүріп жатқан жер астындағы ұңғымалар мен сілтемелердің жұмыстарын тексеріп, жер астына сорғыш ұңғымалар мен сілтемен айдау ұңғымаларын жасап, әртүрлі тораптарды құрастырып шығару.

Маған бұл жұмыс ауыр емес. Өзіме ұнайды, мамандығымды, жұмысымды бағалаймын. Қазірдің өзінде көптеген жетістіктерге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Менің мамандығым негізі автомеханик болатын. Бұл компанияға келген кезде мамандығым жоқ еді. Жөндеу жұмыстарымен айналысатын едім. Бірақ жұмыс барысында тәжірибе жинап, өзіме қажетті білім алдым. Бұл жерде жұмыс істей жүріп, жоғары дәрежеге көтерілдім. Оқыту үдерісі де осы жерде болды, яғни мен жұмысқа кіргеннен кейін білімімді шыңдай бастадым. Айлығым жақсы. Әр өзгеріс пен ауысыммен бірге айлық та өзгеріп отырады, – дейді ол.

Ол қазіргі таңда «Инкай» кеніші орналасқан Тайқоңыр елдімекенінде тұрады. Бұл ауылға 1996 жылдан бастап қоныс аударғанын айтады.

Негізі мен Қаратау совхозынанмын, Тайқоңырдан 120 шақырымдай жерде туып-өскен ауылдың қарапайым баласымын. Радиоактивті қауіп жоқ. Балаларым да қауіпсіз жерде өсіп жатыр. Бес балам бар, ең кішісі тоғызда. Жұмысымда ешқандай қиындық жоқ. Біз жұмыс істейтін жерде барлық жағдай жасалған. Полигонда арнайы отыратын орын, жылынып отыратын жер бар. Қыста да, жазда да еш қиындықсыз жұмыс істей береміз, – дейді Пернебек.

Сондай-ақ ол бұл компанияға қарауыл болып кіргенде өзіне нақты мақсат қойғанын атап өтті.

Жақсы жұмысшы боламын, биіктен көрінемін деген мақсатпен келдім. Алға қойған жоспарым сол еді, бүгінде сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етіп келемін. Қазір 24 жыл бойы осы компанияда қызмет етіп, шыңдалудамын. Директорлық қызметке дейін жетемін деген оймен бастадым. Үлкен тәжірибе жинап, жұмысымды әрі қарай дамытуға мүмкіндік алдым. 24 жылда көп нәрсе болды, қиындықтар мен қызықтар да аз емес. Бірақ мен үшін ең бастысы – осы жолда еңбегімнің жемісін көріп, көп нәрсеге қол жеткізу, – дейді еңбек адамы.

Осы 24 жыл ішінде көптеген шәкірттер тәрбиелегенін айтады. Аталмыш компанияға 2001 жылы келіп, 2005 жылы аппаратшы, гидрометаллург болып жұмыс істей бастаған уақытта бір күні практикаға келген бір жас жігітті жақсы тәрбиелеп, оған көп нәрсені үйреттім деп отыр.

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Ол менің қасымда ұзақ уақыт жұмыс істеді, кейін аппаратшыға дейін өсті. Бүгінде ол үлкен қызметтерде, өзінің табысты мансабын құрып жүр. Оның есімі – Дәурен Жансүгіров. Мен оған көмектескеніме, дұрыс бағыт көрсеткеніме өте мақтанамын. Бұл мен үшін үлкен жетістік, өйткені 24 жылда біз көп нәрсе үйреніп, өзіміздің тәжірибемізді басқа адамдарға да бере алдық, – дейді  Пернебек Дауылбаев.

Уран өндірісінде қауіп-қатер бірге жүретінін жеткізді. Ол қауіптің барлығын алдын алу үшін тиісті ережелер мен талаптарға сай жұмыс істеп жүру қажет деп санайды.

Бұл салада қауіпсіздік шаралары әрдайым басты орында, сол үшін ережелерді сақтау өте маңызды. Балаларыма да осы салада жұмыс істеу немесе осы мамандықты таңдау туралы айтамын. Құдай қаласа, олар да бұл жұмыспен айналысқысы келеді. Жастарға айтарым, алға қарай қимылдау, өздерін көрсетіп, бейнетке шыңдалу керек. Өз күшіңді, мүмкіншілігіңді бағалау және сол үшін еңбек ету өте маңызды. Өйткені тек сол ғана табысқа жетелейді. Шәкірттеріме бағыт-бағдар беріп, тәжірибеммен бөлісіп, олардың да осы салада жақсы маман болуына көмектесуге тырысамын, – дейді полигон құрылыс бөлімінің супервайзері Пернебек Дауылбаев.

Ерітінділерді өңдеу цехында 10 жыл қызметте

Өнімді ерітінділерді өңдеу цехының оператор-диспетчері Бексұлтан Ілиястың бұл салада еңбек етіп жүргеніне 10 жыл болған. Оның міндеті — геотехнологиялық полигоннан алынған уранды ерітінді күйінде қабылдап, оған химиялық қоспалар қосу арқылы уранды шешу жұмыстарын жүргізу.

Бұл процессте уранды тұндыру және отырғызу жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, колонналарды қашықтықтан басқару, іске қосу және сорғылармен жұмыс істеу — менің негізгі қызметім. Таңертең жұмысқа келіп, ауысым қабылдаймыз. Бізде екі ауысым жүйесі бар, сондықтан түнгі ауысымды қабылдап, олардан барлық мәліметті алып, жұмысқа кірісеміз. Бәрін сүзгіден өткізіп, сорғылардың, ерітінділердің көлемін тексеріп, барлық параметрлерді тексергеннен кейін жұмысымызды бастаймыз. Менімен бірге ауысыммен жұмыс істейтін адам бар. Шеберлермен қосқанда барлығы жеті адамбыз. Барлық процесс бірлесе отырып, жақсы үйлесімділікпен жүреді, – дейді Бексұлтан Ілияс.

Оның айтуынша, қауіпті кезеңдер болады, себебі бұл жұмыс радиациялық қауіпті ортада жүргізіледі. Бұл жерде әрдайым қауіп-қатер барын айтады.

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Мысалы, қысымның артуы немесе насостардың істен шығуы сияқты жағдайлар болуы мүмкін. Тәжірибемде бұндай жағдайлар кездескен, бірде сорғы клапаны жабылып қалып, асығып қосу керек болған сәтте кіріс-шығысын ашуды ұмытып кеттім. Салдарынан сызық жарылып, процесс бұзылды. Бірақ адам өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ, тек процестің өзі бұзылды. Мұндай жағдайларда шұғыл шешім қабылдап, оны тез арада түзетуге тырысамыз. Жалпы, біздің жұмыс кестеміз бойынша екі апта жұмыс істеп, екі апта демаламыз. Әр сенбі күні ауысым болады, – дейді өнімді ерітінділерді өңдеу цехының оператор-диспетчері.

Жұмыс барысында барлық процесті экран арқылы бақылап отырады. Басты қызмет – полигоннан алынған өнім ерітіндісін колонналарға беру. Осы колонналарда ион алмасушы смолалар болады, олар арқылы уранды тұндыру процесі жүреді.

Біздің жұмысымыздың бір бөлігі осы тұндыру процесін басқару болып табылады. Колонналарда тұндырылған заттар белгілі бір уақытқа дейін тұрып, кейіннен өзіне қажетті нәтиже береді. Бұл процесс экран арқылы бақыланады, біз колонналардың толып кетпеуін қадағалаймыз, сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бәрін мұқият тексеріп отырамыз, – дейді Бексұлтан Ілияс.

Қазақстанды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығарған жұмысшылар

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға