Жаңалықтар

Қазақстанды асырап отырған донор облыстардың қатарын көбейту керек – сарапшылар

Қазақстанды асырап отырған донор облыстардың қатарын көбейту керек – сарапшылар
Фото: aa.com.tr 24.10.2023 18:24 13758

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында өңірлер арасындағы бюджеттің дербестігін арттыру бастамасын көтергені белгілі. 17 облыс пен 3 мегаполистың басшылары орталық бюджетке қол созбай, өзара бәсекелесіп, инвестиция тартып, салық пен бюджет саясаты жағынан тәуелсіз болуы мүмкін бе? Өңірлердің бюджет саласындағы дербестігі қалай жүзеге асуы керек екенін сарапшылардан сұрап білдік.

Қазақстанды қай аймақ асырап отыр?

Ең алдымен, қазынаға өңірлерден түсетін қаржы мөлшерін есептеп көрейік. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ел бюджетіне 2022 жылы 15,7 трлн теңгеден астам қаржы түсті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 37,7% - ға артық.

Өңірлер арасында негізгі донорлар Алматы – 4,1 трлн теңге, Атырау облысы – 2,3 трлн теңге, Астана – 2,1 трлн теңге болды. Сондай-ақ, мемлекеттік қазынаны Алматы (930,08 млрд теңге), Қарағанды (812,68 млрд теңге) облыстары белсенді толықтырды.

Павлодар облысы мемлекеттік бюджетке 591,2 млрд теңге, Маңғыстау облысы – 553 млрд теңге, Ақтөбе облысы – 540,3 млрд теңге, БҚО – 521,2 млрд теңге, ШҚО – 511,5 млрд теңге, Түркістан облысы – 477,7 млрд теңге бағыттады.

Шымкент 441,6 млрд теңге салық төледі, Қостанай облысы – 399,1 млрд теңге, Ақмола облысы – 329,4 млрд теңге, Жетісу – 315,9 млрд теңге, Қызылорда облысы – 206,8 млрд теңге, Жамбыл облысы – 183,2 млрд теңге, СҚО – 153,2 млрд теңге, Абай – 67,7 млрд теңге (2022 жылғы қыркүйек-желтоқсан), Ұлытау – 16,3 млрд теңге (2022 жылғы қыркүйек-желтоқсан).

Сарапшылар не дейді?

 Экономист Шолпан Әйтен өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыру үшін жерлігікті ресурстар мен кадрлық әлеуетті арттыру қажет деп санайды.

Аймақтар қазірдің өзінде өз бюджеттерін өздері басқарады. 2018 жылдан бастап ауылдық бюджеттер де бөлек құрылады. Мәселе мынада, қазіргі басқару жүйесі 100 пайыз жүзеге асып жатқан жоқ. Салық жүйесі орталықтандырылған, яғни салықтар орталық бюджетке қосылып, трансферттер түрінде қайтарылады, сондықтан да барлық аймақтар субсидия алғандай көрініс табады. Егер өңірлерге нақты дербестік берілсе және өз ресурстарымен нығайтылса, онда мұндай реформа оң нәтиже береді, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әкімдерді өздерінің кірістер мен шығыстар өкілеттіктерін қалыптастыруға көбірек еркіндік беру арқылы қолдау керек. Алайда, бұл ауылдық бюджеттер мен жергілікті өзін-өзі басқарудағыдай формальды тәсіл болмағанда ғана жүзеге асуы мүмкін.

Ауыл әкімдерін сайлағанымызға көп болды, тіпті жеке ауылдық бюджеттер пайда болды. Алайда, шын мәнінде, ауыл әкімдерінің ауыл өмірін жақсарту үшін жеткілікті ресурстары жоқ, олар әлі де болса аудандық және облыстық деңгейдегі әкімдіктердің шешімдеріне тәуелді. Әрине, тәуелсіз жергілікті бюджеттерді басқару үшін ресурстар мен кадрлық әлеует қажет, - дейді Шолпан Әйтен.

Қазақстанды асырап отырған донор облыстардың қатарын көбейту керек – сарапшылар

Экономист аудандық деңгейде кадрлық әлеует ауылдық деңгейге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

Әкімшілік шығындарды азайту саясатының оңтайлы нұсқаларының бірі-жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің деңгейін аудандық деңгейге көтеру және оған нақты өзін-өзі басқару өкілеттіктерін беру. Бұл бюджеттік және әкімшілік реформаларды қажет етеді. Осылайша, халық саны мен елді мекендердің санын ескере отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың оңтайлы деңгейін анықтау мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктерді қайта қарау қажет. Бюджет жүйесінде мемлекеттік және муниципалды бюджеттерге бөлінуі болуы керек. Аудандар мен ірі ауылдық округтердің барлық бюджеттері муниципалды бюджетке бекітіледі, - дейді сарапшы Шолпан Әйтен.

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков дотациялық облыстар мен донор облыстардың тепе-теңдігін сақтау мәселесіне тоқталды.

©El.kz/Арман МҰХАТОВ

©El.kz/Арман МҰХАТОВ

 

Жалпы өңірлік экономикалық саясатқа зейін салсақ, экономикалық потенциал мен әлеует, ішкі жалпы өнімнің 80%-ы өңірлерден шығып жатыр. Қазіргі салық бюджеттік кодекстер платформасы бойынша, бізде 20 республикалық мәртебесі бар облыс-қалалардың тек 3-еуі ғана республикалық бюджетке донор болып, басқалары дотациялық болып кетті. Егер осындай теңгерімсіздік болса, онда өңірлік саясатта дисбаланс бар деген сөз. Сондықтан, осы мәселені дереу шешу керек. Соңғы 20-30 жылда осындай бюджеттік саясаттың ықпалынан жасырын бюджеттік қақтығыстардың ошақтары пайда болды.  Бұл алдымен республикалық бюджет пен облыстар арасындағы қатынаста, республикалық бюджет пен республикалық мәртебесі бар 3 қала арасында, содан кейін облыстар мен аудандық қалалар арасында бюджеттік қақтығыстар пайда болды, - дейді экономист.

Өңірлерге бюджетте дербестік беру арқылы бірқатар мәселені шешуге болады. Сарапшы салық төлеуден жалтарып немесе салығын жасырған бизнес өкілдеріне де осындай шешім қажет екенін атап өтті.

Өңірлік экономикалық саясатты дамыту барысында біз оларға салықтық бюджеттік тәуелсіздік секілді мүмкіндік беруіміз керек. Әйтпесе, өңірлер арасындағы теңгерімсіздік тереңдей береді. Егер  орталық жоғары көлемдегі салықтарды жылу ретінде өзіне ала беретін болса, өңірлердің даму жағынан артта қалып қоюы ықтимал. Егер осындай саясат жалғаса берсе, яғни, облыстық бюджеттен орталық бюджетте қаржыны тартып алу үрдісі жалғаса берсе, онда жергілікті экономикалық субектілер ірі табыстарын жасырып, салық төлеуден жалтара бастайды. Осы кезде көлеңкелі экономика ұлғаятыны белгілі. Салық төлеушілердің қарсылығы жалғасады, - дейді сарапшы.

Яғни, ірі инвестициялар салық аз түсетін немесе салық жеңілдіктері бар экономикалық салаға шоғырлана береді.

Сол себептен  Президент өңірлердің дербестігін нығайту, салық жинау саясатын реттеу туралы бастама көтерді. Егер республикалық бюджет пен жергілікті бюджет арасында тепетеңдік сақталса, яғни, екі жақтың мүдделері ескерілсе, онда экономикалық дамуға қосымша серпін аламыз. Қазіргі салықтық бюджеттік кодекс баптарының негізінде біз 20 әкімді (17 облыс, 3 қала) екі топқа бөліп алдық. Бұл ішкі жалпы өнімді шапшаңдату тұрғысынан, - дейді экономист.

Республикалық бюджетке донор қалалар мен өңірлердің әкімдерді мотивациясы жоқ әкімдер деуге болады.

Өйткені, олар инвестиция тартады, жұмыс күшін құрады, салық төлей бастайды. Бірақ қаржының көп бөлігі республикалық бюджетке түседі, сондықтан олардың ынтасы жоғалады. Енді 17 дотациялық облыстарға келетін болсақ, олардың әкімдері жұмыс істей бастайды. Инвестиция тартып, жұмыс орнын аша бастайды. Салық түсе бастайды. Бірақ қазіргі екі кодекс бойынша, олардың да артықшылықтары республикалық бюджетке түсіп отырады. Бірақ ол дотациялық облыстарда жылдың аяғында мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалады. Сосын ол әкімдікте 3 жылға дейін жұмыс істеп, орталық бюджет қиын жағдайға қалдырмайтынын түсініп, олардың да мотивациясы кете бастайды. Себебі, Үкімет өңірлерді қиын жағдайға қалдырмайды, өздері төлеп тастайды, асырап алады, жауып тастайды деуге болады. 20 облыстың 10-ы дотациялық болса, 10-ы донор болуы керек. Сол кезде ғана тепетеңдік болады. Сонда ғана өңірлерге бюджеттік дербестік беру саясаты ең идеалды жағдайда жүзеге асады деп ойлаймын, - деді экономист Қайырбек Арыстанбеков.

 

Әлем елдеріндегі тәжірибе қандай?

Швейцария аймақтардың қаржылық тәуелсіздігі жоғары елдердің көш басында тұр. Мемлекет салық және бюджеттік өкілеттіктердің көпшілігін аймақтарға береді. Бұл олардың арасындағы бәсекелестікке ықпал етеді және экономикалық дамуды ынталандырады.

Германиядағы федералды штаттар айтарлықтай қаржылық автономияға ие. Сонымен қатар, федералды үкімет пен штаттар арасындағы қаржылық қатынастар жүйесі қаржылық ағындардың тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Бұл бүкіл елдегі экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді.

Канадада провинциялар мен аумақтар қаржылық автономияға ие. Олар өздерінің салықтары мен бюджеттерін белгілей алады, бұл оларға қаржылық стратегияларын жергілікті қажеттіліктерге бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл жергілікті басқару мен жұмыс күшінің ұтқырлығына ықпал етеді.

Норвегия мұнай сияқты табиғи ресурстарды басқарудан пайда тапты. Елде мұнай сатудан түскен қаражат қорға түсіп тұрады. Бұл қаражат мемлекет пен муниципалитеттер арасында бөлінеді.

Әлемдік тәжірибеден байқағанымыз, өңірлердің қаржылық тәуелсіздігін арттырудың әртүрлі тәсілдері бар. Қаржылық автономия және ресурстарды басқару табысты стратегиялардың негізгі бөлігі болып табылады. Әр ел өз моделін ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне бейімдеуі керек. Жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерге толы сәтте өңірлердің қаржылық дербестігі орнықты даму үшін маңызды құрал болып қала беретіні белгілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға