Жаңалықтар

Қазақстандағы тыныштық қазақ халқының арқасы – этнос өкілі

Қазақстандағы тыныштық қазақ халқының арқасы – этнос өкілі
Фото: foto-ram.ru 01.03.2023 16:07 1696

1 наурыз - Алғыс айту күні. Осы күнді біздің қоғам қалай атап өтіп жүр? Алғыс айту күнін жалпы қалай атап өткеніміз жөн? Бұл туралы басқа этнос өкілдерінің пікірі қандай?

El.kz ақпарат агенттігінің оқырмандары үшін еліміздегі ең ірі мегаполис - Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы ретінде дәріс беретін өзге ұлт өкілдерінің пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақстандағы тыныштық қазақ халқының арқасы – этнос өкілі

«Алғыс айту күні жыл сайын танымалдығы артып келе жатқан өте бір жылы әрі берекелі мереке. Бұл мерекені кім қалай қабылдайды? Кім-кімге алғыс айтуы керек? Осыны анықтап, нақтылап насихаттау керек деп ойлаймын. Қазіргідей геосаяси тұрақсыздық кезеңінде еліміздегі мұндай мерекенің маңызын дұрыс түсініп, халыққа жан-жақты ұғындыру қажет. Құдайға шүкір, Қазақстанда тыныштық, бұл ең алдымен қазақ халқының кең пейілділігі деп ойлаймын. Біз қашанда қазақ халқына ризашылығымызды білдіріп отыруымыз керек», – дейді Лариса Павловна Нода.

Қарап отырсақ, бұл мереке арнайы демалыс күні болмаса да жыл сайын дәстүрге айналып жалпыхалықтық сипат алып келеді. Бұл мерекенің мән-мағынасын түсіну жөнінде көп жылдық оқытушылық тәжірибесі бар Ольга Петровна Ложникова төмендегідей ішкі жан тебіренісімен бөлісті.

Қазақстандағы тыныштық қазақ халқының арқасы – этнос өкілі

«Бұл күнді жай ғана мерекелік күн дегеннен, мемориалды, өткенді еске алу күні десек те дұрыс болар еді. Неге десеңіз, бұл күн Жеңіс күні сияқты көзіңе жас алатын мерекелік дата деп білемін. Бірақ бір күнді міндетті түрде атап өту өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Негізінде әр уақытта алғыс айтып үйренген жөн. Оны ешқашан ұмытпау керек. Мен осы қалада жиырма жылдан астам уақыт тұрып келемін. Көршілерімнен, таныстарымнан ешқандай жаман пиғыл көрмедім. Арам пиғылдағы адамдардың ойы еліміздегі тыныштықты көре алмаушылық, іштарлық дер едім. Өзіңіз білетін Ресейдегі жағдай басталғанда ондағылар жаппай Қазақстанға ағылды. Егерде бізде шынымен де русофия сияқты жағдайлар болған болса олардың бірі де келмес еді. Сондықтан да бізде жағдай тұрақты, еркіндік бар екенін бәрі біледі. Барлығына құрметпен қарай білейік. Салт-дәстүрге, мемлекеттік тілге деген құрметті арттырайық дегім келеді», – дейді ол.

Иә, жалпы мұндай мереке әлемнің бірнеше мемлекетінде бар, тек атаулары әртүрлі. Мысалы Америка Құрама Штаттарында Ризашылық күні деп аталса, Израильде Жаратушыға ризашылық күні деп аталады. Сонымен қатар, осыған ұқсас мерекелер Қытай, Жапон, Вьетнам, Беларус сынды елдерде де атап өтіледі.

Ал біздің еліміздегі Алғыс айту күнінің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты достыққа, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздегі этносаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға дәріптеу болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға