Жаңалықтар

Қазақстандағы қару ұстау тәртібі

Қазақстандағы қару ұстау тәртібі
Фото: © Pixabay.com 25.05.2023 18:00 2266

Елімізде қарудың үш түрі бар. Олар: жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару, азаматтық қару және қызметтік қару деп бөлінеді. Олардың әрқайсысының түрлері мен қолданылуына қарай өзіндік талаптары мен ережелері бекітілген. Бұл туралы заңгер Марғұлан Шыныбаев түсіндіріп берді. 

Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару еліміздің Қарулы Күштері, басқа да әскерилер мен әскери құралымдар, арнаулы мемлекеттік және құқықтық қорғау органдарының қаруына жатады.

Азаматтық қаруға Қазақстан Республикасының азаматтары коллекциялау, экспонаттау, өзін-өзі қорғау, спортпен, аң аулаумен шұғылдану мақсатында, сондай-ақ білім беру мен мәдени мақсаттарда пайдаланатын қару жатады. Азаматтық қару – өзін өзі қорғау қаруы, спорттық қару, аңшылық қару, белгі беретін және оқсыз атылатын қару деп бөлінеді.

Қаруды қалай сатып алуға болады?   

Қару сатып алуға рұқсат алу үшін азамат тұратын жеріндегі ішкі істер органына өтініш, көру қабілетіне, психикалық жағдайына, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медицина анықтамасын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті.

Қазақстанның кәмелеттік жасқа толған кез келген азаматы тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарынан нақты қару түрін сатып алуға рұқсат алғаннан кейін, өзін-өзі қорғауға арналған тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруын және аңшылық қаруды қоспағанда, азаматтық қаруды сатып алуға құқығы бар. Әрине, ол үшін қарудың арнайы құжаттары болуы міндеттеледі. 16 жасқа толған Қазақстан азаматы садақ және арбалет секілді спорттық мақсаттағы қаруды иемденуге, сақтауға, өзімен алып жүруге және пайдалануға құқығы бар.

Осы тұрғыда заңгер Марғұлан Шыныбаев қарудың түрі мен санына қарай белгіленген шектеулерді атап өтті. 

Мысалы, бір адам спорттық қаруға жататын жебенің 5 данасын ғана өзімен бірге ұстап жүре алады. Ал аң аулаушыларға 4 қаруға рұқсат берілген, оның ішінде типтеріне байланысты тегіс, ойыс және ұңғыла деп бөлінеді. Ал көп жағдайда адам өзін қорғауға арналған қару түрлері екі данадан аспау қажет, –  дейді заңгер.

Көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған механикалық бүріккіштер, аэрозольды және басқа да құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрі 4,5 миллиметрлі пневматикалық қаруды тіркеудің керегі жоқ.

Қаруды қайда сақтау керек? 

Қарудың заңды иесі өз қаруын басқа адамға уақытша бере тұруына, сыйға тартуына қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, қаруды қандай мақсатта сатып алса, тек сол мақсатқа сай обьектіде ғана алып жүруге, қолдануға құқылы.

Заңгер қару сатып алмас бұрын оны арнайы сақтайтын орынды әзірлеу керектігін айтады.

Міндетті түрде қару сақтайтын арнайы орын болуы маңызды. Ол үшін арнайы сейфтер жасалуы керек. Тіпті, оның ұзындығы, қалыңдығы мен өлшемі заңмен бекітіледі. Мысалы, сейф еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілуі керек. Заң бойынша сейфтің қалыңдығы 3 миллиметрден кем болмауы қажет. Әсіресе, аңшылық мақсатта қолданылатын қарулар өте қауіпті болады, - дейді Марғұлан Шыныбаев.

Сондай-ақ, қала тұрғындарына сейфке дабыл қандырғысын орнату міндеттеледі. Ал, ауыл тұрғындарына мұндай талап міндеттелмейді, дабыл жүйесін орнату не орнатпауы өз еркінде.

Қару иесі күнделікті өзін-өзі қорғау мақсатында газды тапанша, электрошокер алып жүруіне рұқсат етіледі. Бірақ ашық түрде емес, арнайы қорабында болуы керек.

Қару жоғалған жағдайда азамат бірден ішкі істер органына хабарлап айту қажет немесе 102-ге хабарласу керек. Ал қару жоғалып, үнсіз қалған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылып айыппұл төлейді.

Қару иесінің міндеті қандай?

Адам өзінің меншігіндегі әр қаруға және одан атылған әр оққа өзі жауап береді. Қаруды қолданар алдында міндетті түрде қауіпсіздік ережесін сақтау керек. Сондай-ақ, қаруды қолданбайтын жағдайда оны атуға жарамсыз күйде (оқтаусыз) сақтаған дұрыс.

Мысалы, адам аң аулау барысында байқаусызда жерге түсіп қалған оқ үшін жауап бермейді. Бұл жердегі мән беру керек мәселе ол – адам өмірі. Егер құқық қорғау органдарындағы қандай да бір қылмысқа қатысты әрекеттер жасалса жауап береді, – дейді заңгер.

Қару иесі тұрғылықты жерiн ауыстырған кезде қаруды iшкi iстер органдарының есебiнен шығаруға және он күн мерзiмде жаңа тұрғылықты жерi бойынша оны тиiстi есепке қоюға тиісті. Ал бiр ауданның не аудандарға бөлiнбейтiн қаланың шегiнде тұрғылықты жерiн ауыстырған кезде бес күн мерзiмде бұл туралы аумақтық iшкi iстер органдарын хабардар етуге міндетті.  

Қару иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері осы қаруды бір ай мерзімде қайта тіркетуге немесе арнайы комиссияға тапсыру керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға