Жаңалықтар

Қазақстандағы орташа айлық 365 мың теңге болды

Қазақстандағы орташа айлық 365 мың теңге болды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 09.08.2023 12:30 1703

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы II тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша айлық жалақының орташа мәні 2022 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда 17,1 пайызға өсіп, 365 502 теңгені құрады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні бағалау бойынша 2023 жылдың II тоқсанында 240 779 теңгеге жеткен.

Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70000 теңге мөлшерінде белгіленді.

Оқи отырыңыз:

Өңірлер бойынша орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі Ұлытау облысында (474 421 теңге) тіркелсе, ең төменгі өсімі Түркістан облысында (299 042 теңге) байқалған.

Қазақстандағы орташа айлық 365 мың теңге болды

Өңірлік бөліністе 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2023 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі бірнеше облыста байқалады. Мәселен. Ұлытау облысында – 23,8%, Павлодар облысында – 21,8%, Қостанай облысында 20,8% құрады. Ең төменгі өсім Түркістан облысында – 12,2% және Жамбыл облысында – 12,4% байқалды, - делінген хабарламада.

Биылғы жылдың ІІ тоқсанында бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда орташа жалақы ең көп ақпарат және байланыс саласында 36%-ға өскен. Көлік және қойма саласында – 24,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығында –  23,7%, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу саласында 21,8%-ға көтерілді.

Білім беру саласында орташа айлық жалақы 10,2%-ға артса, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 15,6%-ды құрады.

Бірақ нақты мәнде жалақы көлемі былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда құрылыста – 3,5%, тұру және тамақтану қызметтерін көрсетуде – 2,6%, білім беруде – 4,8%, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде 0,1%-ға төменген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға