Жаңалықтар

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 12.04.2024 11:20 8699

Бүгін – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғалым, геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Солардың бірі – Айболат Талғатбек. Бүгінде ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық технологиялық зерттеу университетінің Геология және пайдалы қазба кенорындарын барлау мамандығының 2 курс студенті. Жасы жиырманы енді алқымдаса да ғылым саласындағы жетістіктері аз емес. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жас ғалыммен ғылым тақырыбында тілдесті.

El.kz: Айболат, геология саласына деген қызығушылығыңыз қалай және қашан пайда болды?  

Айболат Талғатбек: 9-10 жасымда тастарға қызыға бастадым. Олардың түрлі формалары мен түстері қызықтырды. Аулада ойнап жүрген кездерімде тас теріп, үйге әкеліп коллекция жинайтынмын. Әпкем бұл қызығушылығымның әрі қарай дамуына үлкен үлес қосты. Ойымда үнемі «Тастар қалай жаралған? Қандай минералдардан тұрады? Қайдан келген?» деген сұрақтар болды. Мектепте оқып жүрген кезімде аудандық ғылыми конкурстарға қатысып, кварц минералы жайлы ғылыми жоба жасап, бірінші орын алдым. Сол қарқынмен мектеп бітіріп, бірден геолог боламын деп шешім қабылдап, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық технологиялық зерттеу университетінің Геология және пайдалы қазба кенорындарын барлау мамандығының студенті болып шыға келдім. 

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

El.kz: Сіз жақында АҚШ-қа барып бір ай геологиялық зерттеу жұмыстарына қатыстыңыз. Осы сапарыңыз туралы айтып берсеңіз? 

Айболат Талғатбек: Бұл сапар мен үшін ерекше тәжірибе мен естелікке толы болды. Былтыр америкалық Johns Hopkins университетінің жер және ғаламшар ғылымдарының докторы, профессор Эмми Смит бастаған геолог, палеонтолог ғалымдар еліміздегі Кіші Қаратау жоталарына геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге келді. Геологиялық зерттеу жұмыстарына Қаныш Сәтбаев университетінің мамандары, PhD-профессор, палеонтолог Сезім Мұстапаева, Ерқожа Маманов және мен де қатыстым. Осылайша Кіші Қаратаудың тауаралық ойыстарын өлшедік, тау жыныстарын жинадық, картаграфиялық мәліметтер жазумен айналыстық.

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жұмыстың екінші бөлімінде америкалық профессорлардың шақыртуымен АҚШ-тың Мэриленд штатының Балтимор қаласындағы Johns Hopkins университетіне бардық. Америкада мені алғаш таңғалдырған жайт - адамдардың бір-біріне деген сенімі мен құрметі. Жұмыс барысында оларға менің жасым, ғылыми дәрежем, білім деңгейім еш кедергі келтірген жоқ. Керісінше әрбір университет қызметкері өз көмегін көрсетіп, таңсық дүниелерді үйретуге тырысты.  Америкадағы алғашқы үш күнде лабораториялық қауіпсіздік ережелерімен танысып, курс өттік.  Одан кейін бірден жұмысқа көштік. Лабораториялық жұмыс кесу, бұрғылау, үгіту, өлшеу секілді негізгі аппараттардан басталып, өте күрделі жабдықталған «LA-ICPMS», «МАТ 253 GasBench ll» масс спектрометрі, «SEM» микроскобы секілді аппараттармен жұмыс істеп, тәжірибе жинаумен аяқталды. Осы аппараттар арқылы мен жаз бойы Қаратау жоталарында жинаған тау жынысының үлгілерін зерттедім.

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

El.kz: Геологиялық зерттеу жұмыстары кезінде қиындық тумады ма? Зерттеу жұмысының қорытындысы қандай болды?

Айболат Талғатбек: Зертханалық жұмыстың тақырыбы – Жаңатас легі карбонаттарының тұрақты изотобының хемостратиграфиясы.

Қазақстанның геологиясында оларды қызықтырған мәселе – Жаңатас, Көксу, Ақтоғай, Шабақты және Қыршабақтың геологиялық жасы, құрамындағы микроорганизмдердің қалдықтары мен ойыстардың геологиялық жағдайы. Осы тақырыптағы зерттеулер Қаратау жоталарының нақты жасын анықтап, әлемдік стратиграфиялық шкалаға бекіту мақсатында жүргізілді. Соңғы технологиялармен Жаңатас тауының нақты жасын анықтауға тырыстық. Тарихқа сүйенсек, Жаңатас легін палеозой дәуіріне жатқызса, жаңа зерттеулер оны неопротерозой дәуірінің тон кезеңіне тиесілі деген тұжырым көрсетіп отыр. Дегенмен лабораториялық жұмыс нәтижесінде алынған мәліметтер әлі күнге дейін өңделіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, ғылыми жұмыстар көп күш-қуат пен уақытты талап етеді.

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұл шаралар келешекте көптеген стратиграфиялық, геологиялық мәселелерді анықтауға және әлемдік корреляция картасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.  Бұл серіктестікте еліміз үшін пайдалы тұстары көп. Атап айтқанда Жаңатастағы фосфоритті таужыныстарының негізінде өзге де пайдалы қазбаларды анықтауға, оны өндірісте тиімді қолдануға септігін тигізеді.

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

 Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Зерттеу барысында Эмми Смит, Дана Бреннер, Сесилия Сандерс, Кельси Мур, Кабир Мухаммед және Сабрина Хан секілді өз ісін жетік білетін мамандармен жұмыс істеп, олардың жұмысын бақылау ерекше әсер етті. Өз салам, мамандығым бойынша қызмет ету маған үлкен мотивация сыйлады.

El.kz: Шетелдік мамандармен бірлесіп маңызды зерттеу жұмысына қатыстыңыз. Қазақстан мен шет елдің геологиялық зерттеу саласындағы айырмашылықтарды атап өте аласыз ба?

Айболат Талғатбек: Осындай зерттеулердің әлемдік маңызы зор. Бұл тақырыптар тек сол профессорлардың ғана емес, NASA секілді ірі компаниялардың да қызығушылығын тудырып отыр. Себебі, қазіргі таңда барлығымыз білетіндей, NASA компаниясы Марсты және өзге экзопланеталарды зерттеумен айналысып келеді. Ал Қаратау жоталарының неопротерозой кезеңіне сай келеді деген дәйек  Марстың дәл қазіргі жағдайын көрсете алады деп санайды. Яғни біздің планетамыз 541-1млрд жыл бұрын неопротерозой кезеңінде дәл қазіргі Марстың кейпінде болған деп санайды. Жердің сол заманғы жағдайын, тектоникасын, микроорганизмдердің эволюциясын зерттей отырып, олар Марсты да тани алатындарына сенімді.

El.kz: Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмыстары жайлы не айтар едіңіз?  

Айболат Талғатбек: Қазақстанда шикізат өндірісіне бағытталған геологиялық зерттеу жұмыстарының қарқыны жоғары деп айтуға болады. Алайда палеонтологиялық, палеобиологиялық зерттеулер саласы дамуды қажет етеді деп санаймын.  

Бүгінде Қазақстанда жүргізілген Қаратау жоталарының геологиялық зерттеу жұмысы тек АҚШ-ты ғана емес, дүниежүзі геологтарының, профессор, сарапшылардың назарында. Себебі, Қаратаудың әр тасы, әр төбесі әлемге жаңалық ашардай бірегей құрылымдарға бай.

Сесилия Сандерстің айтуынша, Қаратау – осы уақытқа дейін ол зерттеген, танып-білген таулардың ішіндегі геологиялық құрылымдарға ең бай жер. Бұған дейін Намибияда ғана осындай жерді кездестірген екен.

Салыстырмалы түрде Қаратау жоталарында бір-біріне жақын аймақта жанартау эффузивтері, шөгінді қабаттардың ойыстары, биоорганизмдерге бай әктас қабаттары, экономикалық маңызы зор фосфоритті қабаттар тығыз шоғырланған. Сондай-ақ олардың барлығы бір таудың өзінде табылған.

Қазақстандағы геологиялық зерттеу жұмысына NASA-ның өзі қызығып отыр – АҚШ-қа барып келген жас ғалым

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

El.kz: Қазіргі таңда қандай зерттеу жұмысымен айналысып жүрсіз?

Айболат Талғатбек: Әрине, бұл геологиялық зерттеу жұмыстарымның тек басы. Алда әлі талай зерттеуге күш салғым келеді. Бүгінде «Жаңатас легі карбонаттарының тұрақты изотоптарының хемостратиграфиясына» бағытталған ғылыми жобаны жазып жатырмын.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға