Қазақстандағы Boeing 737-9 MAX ұшақтарының ұшуға жарамдылық сертификаттары бар

Азаматтық авиация комитеті Қазақстанда тіркелген Boeing MAX әуе кемелері бойынша ақпарат таратты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Қазақстандағы осы типтегі ұшақтарды пайдаланушылармен, сондай-ақ Boeing және FAA-мен әрі қарай шаралар қабылдау қажеттілігін бағалау үшін байланыста.
Комитет мәліметінше, Қазақстанда 5 Boeing 737-9 MAX ұшағы тіркелген және олардың барлығында ұшуға жарамдылық сертификаттары бар.
FAA ұшуға жарамдылық туралы шұғыл директива шығарды (2024-02-51). Ұшуға жарамдылық директивасы автоматты түрде барлық B-737 MAX пайдаланушыларына қолданылады. Бұл директива орташа кабинаның апаттық шығу люгі орнатылған кез келген санатта сертификатталған Boeing компаниясының B737-9 үлгісіндегі әуе кемелеріне қолданылады, - делінген мәліметте.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының пайдаланушылары әуе кемелерін апаттық шығу есіктерімен (апаттық шығу люкімен емес) пайдаланады, сәйкесінше директива осы әуе кемелеріне қолданылмайды.
