Жаңалықтар

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 23.07.2024 13:15 555

Жыл сайын Қазақстанда жарақаттың барлық түрлері бойынша 764 345 шақыру тіркелсе, оның ішінде 45 707 жол көлік оқиғасы. Жол апатынан соңғы бір жылдың өзінде 54 570 адам зардап шеккен. Ал олардың денсаулығын, сынған сүйектерін қалпына келтіруде травматолог дәрігерлердің еңбектері ерекше. Нұрлан Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директордың ғылыми жұмыс және стратегия жөніндегі орынбасары Арман Бәтпеннің айтуынша елімізде жылына 10 мың адамға имплант салынады екен. Көп жылдық тәжірибесі бар білікті маманмен  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі арнайы барап сұбаттасып қайтты.

Ұлттық травматология және ортопедия орталығында ем алушылардың бірі – Мұхтар Сармұратов. Әскери қызметшіге ковид салдарынан «сүйектің мүжілуі» диагнозы қойылған. Сөйтіп 2022 жылдың желтоқсан айында бірінші оң аяғына, 2023 жылдың ақпан айында сол аяғына имплант салынады. Биыл оң иығына имплант орнатқан.

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады

Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Күнделікті сағат 08:00-де реабилитацияға барамын. Қолымды жаттықтырып, массаж істейді. Мамандар уақытылы ем-дом жасап жатыр. Диагнозыма байланысты бүгінде жұмыс істемеймін, - дейді Мұхтар Сармұратов.

Орталықта Мұхтар секілді жүздеген науқас ем қабылдап жатыр. 14 клиникалық бөлімшеде 385 төсек бар, онда тәулік бойы 5 травматологиялық бөлімше шұғыл көмек көрсетеді. Осында жыл сайын 8 мыңға жуық операция жасалады, 10 мың пациент емделеді.  

Бізде протез салған азаматтар бүгінде әскерде қызметте жүр. Тіпті ұшқыш азаматқа да имплант орнаттық, қазір жұмысын жалғастырып жатыр. Протез салынған азаматтарға спортпен айналысуға болады. Дегенмен экстрималды спорттан бастартқаны жөн, - дейді дәрігер Алексей Андреевич.  

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады

Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Қазақстан титан шикізатын өндіретін елдердің ондығына кіреді. Дегенмен еліміз титан имплантын шетелдерден сатып алып отыр.

Иә, бізде бұл тұрғыда үлкен мәселе бар. Қазіргі таңда біз Өскемен титан-магний комбинаты мен Дәулет Серікбаев атындағы политехникалық университетпен бірге жұмыс істейміз. Қазақстандық қорытпалардан медициналық құралдар жасаймыз. Мысалы, пластина, штифт және басқасы. Ал протезге келетін болсақ, оны жасау өте күрделі нәрсе. Бүгінде Алматы қаласында белгілі кәсіпкер Хорватиядан технологияларды әкелейін деп жатқанын айтты. Бірақ ол әзірге бізде жоқ, - дейді Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының маманы Арман Бәтпен.

Оның сөзінше, орталық жылына 8-10 мың имплантты қажет етеді. Бір импланттың құны – 1,5 мың АҚШ доллары .  

Мемлекет дүниежүзіндегі ең сапалы импланттарды сатып алып жатыр. Біз көбінесе Америка мен Германияның импланттарын қолданамыз. Сонымен қатар Үндістан мен Қытайдың да импланттарын қолданып, ота жасадық. МӘМС бойынша америкалық «Джонсон және джонсон», «Страйкер» сияқты әлемдік брендтердің өнімін қолданып келеміз. Науқастардың барлығы медициналық тегін қолдау алып, отаны тегін жасатып жатыр, - дейді ол.

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады

Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Арман Бәтпен орталықтың ақылы бөлімінде шетелден келіп операция жасататын науқастардың да көп екенін атап өтті.  Сөзінше, соңғы кездері Өзбекстаннан келушілердің қатары көбейген. Белурус, Ресей, Германиядан келіп ота жасатқан науқастар бар. Себебі, Қазақстанда операцияның құны басқа елдермен салыстырғанда өте арзан.

Дегенмен біздің орталықта сервис жағдайы сәл ақсаңдап тұр. Егер медициналық турзимді дамытсақ, алыс шет елдерден болсын келушілердің қатары артатын еді. Себебі, біздің дәрігерлеріміз, мамандарымыз жоғары білімді, білікті қызметкерлер.  Дегенмен маман тапшылығы да бар. Травматологтардың жіті тапшылығы, әсіресе ауылдық жерлерде бар. Тіркелген 1435 ортопедиялық травматологтың тек 128-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді, - дейді Арман Бәтпен.  

Бүгінде Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы Ұлттық биотехнология орталығымен және Назарбаев Университетімен бірлесіп жасушалық технологияларды пайдалана отырып, аяқ буындарының артрозы бар пациенттерде шеміршек тінінің ақауларын емдеу бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр.

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адамға имплант салынады

Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Біз Ұлттық биотехнология орталығымен бізге шеміршек буындарының жасушасынан контрацид жасушасын өсіріп, шеміршекке зақым келген жерге салатын гидрогельді ұсынған болатын. Кейін ол жерде жасуша өсіп, қалыпқа келуіне мүмкіндік береді. Оның денсаулыққа еш зияны жоқ,  науқас еркін қозғалып, жаттығу жасай алатын болады. Бұл зерттеумен 10 жыл айналыстық. Алдымен жануарларға жасадық, өткен жылдан бастап адамдарға жасай бастадық, - дейді Бәтпен.  

Сонымен қатар орталық халықаралық зерттеулерге белсенді қатысады және Германия, Финляндия, Польша, Түркия, Эстония, Оңтүстік Корея және Қытай клиникалары сияқты әлемдегі жетекші травматология және ортопедия орталықтарымен ынтымақтасады. Осы ынтымақтастықтың шеңберінде 150-ден астам маман Еуропа мен АҚШ-тың үздік клиникаларында оқытылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға