Жаңалықтар

Қазақстанда жемқорлықпен күрескен Дидар Смағұловты АҚШ билігі марапаттады

Қазақстанда жемқорлықпен күрескен Дидар Смағұловты АҚШ билігі марапаттады
Фото: Әлеуметтік желі 10.12.2024 12:09 378

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жетістіктері үшін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің қолынан ерекше марапат алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Міне, менің Америка Құрама Штаттарына сапарымның басты себебін жариялайтын сәт те келді. АҚШ Мемлекеттік департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы жетістіктерім үшін халықаралық жоғары марапатты табыстады. Марапатты АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өз қолымен тапсырды, - деп жазды Дидар Смағұлов Facebook парақшасында.

Белсенді аталмыш марапатты алуға атсалысқан барша тілеулестері мен әріптестеріне алғыс айтты.

Ең бастысы, бұл марапат Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған тиімді жүйелі реформаларды енгізу және жемқорлыққа қатысты тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша атқарылған жұмыстар үшін берілгеніне қуаныштымын. Бұл марапатты ұжымдық жетістік деп санаймын, себебі нәтижелердің артында «Әділдік жолы» ұжымының орасан зор еңбегі мен жанқиярлық жұмысы тұр. Ортақ жетістікке өз үлесін қосқан әрқайсыңызға алғыс айтқым келеді, достар, - деп жазды ол.

Сондай-ақ Дидар Смағұловты АҚШ-тағы Қазақстан елшісі арнайы қабылдаған.

Әрине, бұл марапатты алу отбасымның қолдауынсыз мүмкін болмас еді. Олар менімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық ауыртпалығын және қауіп-қатерін бөлісіп, шыдамдылық танытты. Сол арқылы маған жаңа күш берді. Сондай-ақ, АҚШ халқына және оның Үкіметіне осындай жоғары деңгейде мойындағаны үшін шексіз алғысымды білдіремін.
Мұндай қолдау шабыттандырады және жігер береді. Марапатты алғаннан кейін мені АҚШ-тағы Қазақстан елшісі қабылдап, туған елімнің атынан алғашқы құттықтауды қабыл алдым, - деп жазды Дидар Смағұлов.

Айта кетейік, «Әділдік жолы» бірлестігінің жұмысының арқасында 1206 тұлға түрлі заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеп, 800 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылып, 76 қылмыстық іс қозғалған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға