Жаңалықтар

Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылады

Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылады
Фото: © Pixabay.com 26.03.2024 14:31 1078

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде жасанды интеллектті дамыту және қолдану процестерін құқықтық реттеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Электрондық өнеркәсіпті және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғизат Байтұрсынов елімізде жасанды интеллект орталығы құрылатынын мәлімдеді.

Мәжіліс кулуарында Ғизат Байтұрсынов жасанды интеллект жинаған ақпараттардың қауіпсіздігіне қаншалықты сенуге болатыны жөнінде айтты.

Жасанды интеллекттің қауіпсіздігі заңнамада қарастырылатын болады. Жиналған ақпараттардың барлығы көбіне «тұлғалық емес» ақпарат ретінде жиналады. Жасанды интеллекттің платформасы ақпаратты инттеллект өнімі бойынша жинақтайды. Яғни онда ақпараттық қауіпсіздік міндетті түрде сақталатынына кепілдік бар, - деді Байтұрсынов.

Сонымен қатар ол елімізде жасанды интеллект орталығы қашан құрылатынына тоқталды.

Жасанды интеллект орталығында еліміздің бизнес, ғылым, цифрландыру және басқа да сала өкілдері мен шетелдік сарапшылар да бар. Елімізде жасанды интеллект бойынша қандай да бір жетістікке жеткен шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Шетелдік компаниялармен, ассоциациялармен, ғылым және мемлекеттік органдар қосылып сарапшы кеңесі құрылады, - деді Электрондық өнеркәсіпті және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры.

Ғизат Байтұрсынов жасанды интеллектті жүзеге асыру аясында «суперкомпьютер» жүйесі іске асырылатынын атап өтті.

Суперкомпьтер – серверлердің жиынтығы. Атап айтқанда, онда базалық деректер сақталады.

Қандай да бір жасанды интеллектті жасап шығаруға екі нәрсе керек. Біріншісі – оның есептеу қуаты. Екіншісі – ақпарат. Қазіргі таңда біз ақпаратты «smart ukimet» арқылы бір платформада жинақтап жатырмыз. Сондай-ақ жинақталған ақпаратты жасанды интеллект бойынша өнім жасарда беретін боламыз. Ал оның есептеу қуатын жүзеге асыру үшін «суперкомпьютер» жүйесін жасап жатырмыз, - деді Байтұрсынов.

Оның сөзінше, биыл шетелдік G42 компаниясымен бірлесіп «суперкомпьютер» жүйесі жасалып, іске асырылады.

Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуаты күшті «суперкомпьютер» құруға кіріскенін айтқан еді.

Президент «оның негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда мұнда мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар» екенін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға