Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты - Ерлан Қарин

Қазақстанда жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты - Ерлан Қарин
Фото: Ақорда 28.06.2024 15:07 711

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысының БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеше Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында сөз сөйлеп, жалпыұлттық деңгейдегі ауқымды мәселелерге қатысты пікір білдірді. Қазақстанның көптен бері жаңа саяси ахуалда өмір сүріп жатқаны туралы айтты. Мұны ең басты тезистің бірі деуге болады. Соңғы бес жылда елімізде ауқымды әрі түбегейлі өзгерістер болды. Қазақстанда жүргізілген институционалдық реформалардың арқасында жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты. Соның аясында Парламенттің ықпалы айтарлықтай ұлғайып, Үкіметтің жауапкершілігі артты, Конституциялық Сот құрылды. Азаматтардың әлеуметтік белсенділігі мен саяси мәдениетінің артуы – жаңа саяси ахуалдың айқын көрінісі, - деп жазды Ерлан Қарин.

Ол Қазақстандағы өзгерістердің маңызды және жарқын көрсеткіші – нақты пікір плюрализмі екенін атап өтті.

Мемлекет азаматтардың өз ұстанымдарын еркін және ашық білдіруі, шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуы үшін үлкен қадамдар жасады, жасай береді де. Соның арқасында бүгінде біз саяси және әлеуметтік мәдениетте сындарлы диалог, демократия және конструктивизм қағидаттарына негізделген мүлде жаңа нормалар мен стандарттарды қалыптастырдық. Қазақстандағы өзгерістердің маңызды және жарқын көрсеткіші – нақты пікір плюрализмі. Қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сөз бостандығы қазірдің өзінде қалыпты жағдай саналады. Бұл ең әуелі Президент ұсынған «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидасының арқасында мүмкін болып отыр. Жалпы, Мемлекет басшысының бұл сөзінде Әділетті Қазақстан құру бағытының өзгермейтіндігі, басталған кешенді реформалардың кері қайтпайтындығы және бұл үдерістегі қоғам мен азаматтардың рөлі айрықша екендігі туралы маңызды месседждер бар, - деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз бостандығы туралы айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға